Қоныс тойы құтты болсын!

Индерде 192 пәтердің кілті табыс етілді
Индербор кентінің  жаңа мөлтек ауданындағы бой көтерген 48 пәтерлі 4 үйдің құрылысы  Ата Заң мерекесі қарсаңында толық аяқталып,  иелерін тапты. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында  салынған жаңа үйлер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі жандарға және көп балалы  сынды әлеуметтік осал топтағы отбасыларға  арналған.  
Су жаңа  192 пәтердің кілтін баспана иелеріне Индер ауданы әкімінің орынбасары Әсет Оразғалиев салтанатты түрде табыстады. 
- Президенттің тапсырмасына сәйкес қабылданған мемлекеттік бағдарламалар өңірімізде сәтті жүзеге асып жатыр. Индер ауданы да қарқынды құрылыс алаңына айналды.  Бүгін, міне тұрғын үй кезегінде тұрған 192 отбасы жаңа қоныс тойын тойлағалы отыр. Бұл бағыттағы жоспарлы жүйелі жұмыстар алға қарай да жалғасын табатын болады. 
Жаңа шаңырақтарыңыз берекелі, дастархандарыңыз мерекелі болсын. Әрдайым  қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын, - деді аудан әкімінің орынбасары Әсет Самарханұлы.
Қолдарына жаңа  пәтерлердің кілтін алған баспана иелерінің қуаныштарында шек жоқ.  Олардың арасынан бірқатарын салтанатты шара барысында сөзге тарттық.
Асыраушысынан айрылған кент тұрғыны  Райгүл Ботаева отбасымен пәтер жалдап жүргеніне 20 жылдай уақыт болыпты. 
-    Табысымыздан үй алуға мүмкіндік болмаған еді. Ал бүгін жаңа пәтердің кілті қолымызға тиіп  қуанып қалдық. Біз секілді қарапайым халықтың өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асып жатқанына ризамыз, - деді ол. 
Сондай-ақ кент тұрғыны Н.Өтегенова пәтерді бірінші топтағы мүгедек қызына алып, қуанышқа кенелеп  тұр екен. Ал   Өрліктен Б.Ибраева, кенттегі М.Қайыржанқызы, Г.Қабдолова сынды  көп балалы отбасы ретінде пәтерге қол жеткізіп, ризашылықтарын білдіруде. 
Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Габдуллиннің мәлеметіне сәйкес, аталған көп қабатты үйлердің құрылысын  «Еврострой» ЖШС жүргізсе, абаттандыру жұмыстарын «Агроспецмонтаж» ЖШС  атқарған. Сондай-ақ ол жаңа тапсырылған үйлердің  барлық қажетті инфрақұрылымы тартылып, орталықтандырылған жылу қазандығымен қамтылғанын атап өтті.
Ендеше, жаңа қоныс құтты болсын, жерлестер!
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521