Инвестиция – өңір дамуының қуатты тетігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында инвестиция тарту ісін әр өңірдің экономикалық серпінінің басты қозғаушы күшіне айналдыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Индер ауданында да нақты нәтижесін беріп отыр.

Биылғы жылдың қаңтар–шілде айларында ауданның негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 20 млрд 133 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге артты. Бұл көрсеткіш – аудан экономикасына деген сенімнің және өндірістік әлеуеттің айқын дәлелі.

Инвестиция көлемінің басым бөлігі «Атырау Интергаз магистральдық газ құбырлары» АҚ тарапынан машина, жабдық және көлік құралдарын күрделі жөндеуге бағытталды. Сондай-ақ, жалпы құны 989 млн теңге болатын 17 жоба іске қосылып, 36 жаңа жұмыс орны ашылды.

Индер өңірі алдағы жылдары да инвестициялық белсенділікті арттыруды көздеп отыр. «Ұлттық пул» аясында жалпы құны 49,9 млрд теңге болатын екі ірі жоба жүзеге аспақ: оның бірі – ZHANADIL ЖШС-нің жасанды кептіру жем-шөп зауыты, екіншісі – AL AGRO KZ ЖШС агроөнеркәсіп кешені. Бұл жобалар іске қосылғанда ондаған жаңа жұмыс орны ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Шетелдік серіктестермен де байланыс нығайып келеді. Қытай Халық Республикасымен бірлескен зерттеу және барлау жұмыстары басталып, калий тұздары мен мергель өндіру бағытына қатысты алғашқы лицензиялар алынды. Бұл – Индердің табиғи байлығын тиімді игеру мен өңірге жаңа технологиялар әкелудің маңызды қадамы.

Президент Жолдауында айтылғандай, инвестиция тарту тек экономикалық табыс емес, ол – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия. Индер ауданының бүгінгі қарқыны – осы міндеттің нақты орындалып жатқанын көрсетеді.

Серік Нысанбаев

аудан әкімі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT