Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы – елімізді жаңа тарихи белеске жетелейтін құжат. Бұл Жолдау қоғамның барлық саласына бағыт беріп қана қоймай, азаматтық жауапкершілік, әділеттілік және мәдениетті орта құру мәселесін алдыңғы қатарға қойды.
Президенттің «әділеттілік, даму және оптимизм — әрбір азамат пен бүкіл қоғам өмірінің негізіне айналуы қажет» деген үндеуі — қазіргі Қазақстанның стратегиялық бағдарын айқындап берді. Әділетсіздіктің тамыры жойылмай, дамудың берекесі болмайтыны белгілі. Ал оптимизм — халықтың бойындағы сенім мен үмітті сақтап, кез келген қиындықты еңсеруге жетелейтін құндылық.
Жолдауда Мемлекет басшысы қоғамда қалыптасып отырған келеңсіз көріністерге, әсіресе қоғамдық орындардағы тәртіпсіздікке ерекше тоқталды. Шыны керек, күнделікті өмірде өзара сыйластықтың азайып, дөрекі сөз айту, бір-бірімен ерегесу, жанжал шығару фактілері жиі кездеседі. Өкінішке қарай, мұндай жағымсыз әрекеттерге әйелдер де араласып жүргенін атап өтуі – баршамызға ой салатын мәселе. Бұл – тек тәртіпке қатысты ғана емес, ұрпақ тәрбиесі мен қоғам мәдениетіне тікелей байланысты жағдай. Өркениетті елдің азаматы өзін-өзі ұстай білуі керек. Сондықтан Президенттің бұл үндеуі – қоғамды ойландыратын, түбегейлі мәдени өзгерістерге бастайтын қадам.
Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзін еске салуы да кездейсоқ емес. Бірлік, өзара сыйластық пен түсіністік – кез келген елдің дамуының басты алғышарты. Егер біз шын мәнінде озық ойлы ұлт болуды қаласақ, ең алдымен, осы қарапайым әдеп пен мәдениетті сақтаудан бастауымыз қажет.
Президент патриотизм ұғымына да жаңа сипат берді. Бұрын патриотизм тіл, мәдениет, руханият сияқты дәстүрлі құндылықтармен тығыз байланысты болса, қазіргі жастар үшін отансүйгіштіктің өлшемі – жасампаздық пен жаңашылдық екені айтылды. Бұл – өте орынды пікір. Шын мәнінде, ХХІ ғасырдың патриоты – білімді, цифрлық технологияларды меңгерген, қоғамға пайдасын тигізетін еңбекқор азамат. Жастардың экстремизм мен әсіреұлтшылдықты қолдамай, оның орнына инновация мен ғылымға бет бұруы – ел болашағының жарқын кепілі.
Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде айтарым: Жолдау – тек мемлекеттік органдарға ғана емес, бүкіл азаматтарға арналған стратегиялық бағдар. Әрбір қазақстандық қоғамдағы тыныштық пен келісімді сақтауға, әдеп пен мәдениетті қалыптастыруға, жасампаздық пен жаңашылдықты дәріптеуге үлес қосуы тиіс. Жолдауда айтылған міндеттерді орындау – баршамыздың ортақ парызымыз.
Еліміздің беделі – әрқайсымыздың іс-әрекетімізге байланысты. Сондықтан біз әділеттілік пен мәдениетті өмір салтын берік ұстансақ, Қазақстан халықаралық деңгейде өркениетті, дамыған мемлекет ретінде танылып, ұрпағымызға жарқын болашақ сыйлайтынына сеніміміз мол.
Қалауғалиев Ринат Кеңесбайұлы
Индер аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі