Индерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жиі өтеді

ЖУЫРДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ ЖӘНЕ ҮКІМЕТ МҮШЕЛЕРІМЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ САПАСЫН АРТТЫРУ ЖӘНЕ БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША АРНАЙЫ КЕҢЕС ӨТКІЗГЕН БОЛАТЫН. 

Кеңес барысында макроэкономикалық орнықтылықты нығайту, азаматтардың әл-ауқатын көтеру және инфляция деңгейін төмендету шараларын атап өткен Президент халықтың табысын жақсартуда саннан сапаға көшудің маңызды екеніне тоқталып, Үкімет пен аймақ басшыларына жедел шаралар қабылдауды жүктеген еді.

Сөз жоқ, бұл күндері халықтың тапқан табысын нарықтағы баға жұтып қойып отырғаны жасырын емес. Тығырықтан шығудың жолын іздеген атқарушы билік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің арнайы жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізіп отыруды мақсат қылып отыр. Осыған орай аудан әкімдігінің арнайы қолға алуымен аудандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жәрмеңкесі өткізіліп келеді.

Өзіміз куә болғандай, кезекті жәрмеңкеге «Асыл- Агро», «Индер-Агро», «Шаңырақ», «Амиго-балық» «Ізтелеуов», «Ақбасов», «Асылан» шаруа қожалықтарымен қатар, көршілес Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауданынан «Биғамбай» шаруа қожалықтары, картоп, пияз, сәбіз, асқабақ секілді бау- бақша дақылдарымен қатар, балық өнімдерін әкеліп, тұтынушыларға нарықтағы бәсінен 10-15 пайызға арзан бағамен ұсынды.

– Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас көрші аудан болғасын ежелден байланысымыз жоғары. Осы жолғы жәрмеңкеде картопты – 170, пиязды – 110, асқабақты 160 теңгеден саудаға шығарып отырмын. Ала жаздай маңдай терімізді сыпырып жүріп орып алған өнімнің шығымы да жақсы болды. Тұтынушының сатып алуы да жаман емес. Әрине осындай жәрмеңкелерге ұдайы қатысып отырамыз,- дейді тайпақтық шаруагер Биғамбай Жапаров.

Байқауымызша, әр аптаның бейсенбі, жұма, сенбі күндері өткізіліп тұратын жәрмеңкелерде келушілердің қарасы мол болады. Осы жолы да келушілер өте көп болды. Әрқайсысы өздеріне қажетті өнімді қапшықтап алып жатса, енді бірі шамасына қарай саудалап жатты.

Тұтынушылар арасынан кент тұрғыны, зейнеткер Саламат Аймұратовты жолықтырдық.

– Жолдасымыз екеуміз жәрмеңкеге тұрақты түрде келіп тұрамыз. Екеуіміз де зейнеткерміз. Шыны керек, жәрмеңкедегі өнімнің бәсі күнделікті сауда құнынан әлдеқайда төмен. Сондықтан жәрмеңкеге келушілердің қатары жоғары болуы заңды құбылыс деп есептеймін. Төмен баға тұтынушы үшін тиімді ғой. Осындай жәрмеңкелер алдағы уақытта да тұрақты ұйымдастырылып тұрса,-дейміз деді зейнеткер.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Абай Абдировтың айтуынша, жыл басынан бері ауданда осымен 60 рет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жәрмеңкесі өткізіліп отыр. Мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

С.КӨШЕКОВ,

суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT