Биыл шегірткелер шабуылдамайды

Шегіртке тектес зиянкестердің таралуына жол бермеу үшін өткен аптада ауданда алдын ала залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Сәулет Есетовтың айтуынша, аудан бойынша биыл белгіленіп берілген 600 га жерді химиялық өңдеу жоспарланған.

Бөдене және Елтай округінде бұл жұмыстарды тендерден жеңімпаз танылып келген оралдық «Магток-син» ЖШС жүргізуде. Көк өскінді баудай түсіріп, егіншілікке қыруар зиян келтіретін шегірткелердің таралу аймақтарын аудандық фитосанитарлық бөлімі (басшысы І.Шамұратов) алдын ала анықтап отыр екен. Жүк көліктеріне арнайы химиялық бүріккіш орнатылған екі техника екі округке бөлініп іске кірісіп кетті. Аталмыш серіктестіктің өкілі Құрманәлі Кашимовті сөзге тартқанымызда, бүгінге дейін Қызылқоға ауданы жағынан залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп келсе, енді Индерде, одан әрі Махамбет ауданы жағында бұл жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.

-Бүріккіш құралы химиялық қоспа араласқан суды 200-300 метрге дейінгі қашықтықта жеткізеді. Рас қашықтығы желге де байланысты. Бір мезетте 2 тонна химиялық қоспамен мың гектарды қамтиды. Бұл межені бір күннің ішінде атқаруға мүмкіндігіміз бар, - деді ол.

Аудандық аумақты инспекциясының басшысы Талғат Махметов 2012-2013 жылдары аудан көлемінде шегіртке көп кездессе, қазір содан бері азайып келе жатқанын айтты.

- Бұл жылда шегірткеге қарсы күрес жұмыстарының нәтижесі және ауа райына да байланысты. Яғни ылғал мен шөптің азаюы да әсер еткен. Ең қауіпті саналатын үйірлі шегірткелер қазір аудан көлемінде де және көршілес Батыс Қазақстан облысының бізбен шектес ауданында да қазір жоқ. Сондай-ақ соңғы жылдары саяқ шегірткемен күреске баса назар аударылуда, - деді ол.

Осылайша тиісті мамандар жергілікті диханшыларға әзірге шегіртке шабуылына алаңдауына ешқандай негіз жоқ екенін сеніммен айтып отыр.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521