Индер ауданы әкімі Дарын Шамұратов «Алтын белгі» иегерлерін қабылдап, құттықтау тілегін жеткізді.
– Болашақ білімді жастардың қолында. Қазір мемлекет тарапынан оқу оқып, түрлі салада білім аламын, кәсібімді ашамын деген жастарға үлкен қолдау көрсетілуде. Жыл сайын түлектерге арналған білім гранттарының саны да артып келеді. Мемлекеттік қызметке қызығушы жастарға айтар болсам, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалатын болады және «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі берілді. Бүгін осы жерге 11 жыл бойы тек жақсы оқып қана қоймай, мәдениетте, спортта, ғылым мен өнер, цифрлық даму бәйгесінде өзін жан-жақты дамытып, жетістікке жеткен дарынды оқушылар қатысып отыр. Сіздерге алдағы өмір белесіне сәттілік тілеймін. Осы ретте сіздерді білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымына, қолдаған ата-аналарға өлшеусіз еңбектері үшін алғыс білдіремін, - деген аудан әкімі Дарын Шамұратов түлектерді арнайы марапаттады.
Атап айтқанда, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептен Альбина Тулеген, Динара Диярова, М.Сиранов атындағы орта мектептен Жақсыбек Енбаев, Нұрсаят Нұралиев, Қ.Есқалиев атындағы орта мектептен Нұрила Мұрат, Гүлжазира Иманғалиева, Жамбыл орта мектебінен Алуа Жолдас, Жанель Жандосова, Бөдене орта мектебінен Айна Есенова, Іңкәр Сағын, Ақмоншақ Зейноллаға аудан әкімінің Алғыс хаты, аттестат пен «Алтын белгі» табыс етілді.
Жүзден жүйрік шыққан түлектердің бүгінгі қуаныштарында шек жоқ. Солардың бірі М.Сиранов атындағы орта мектептің түлегі Жақсыбек Енбаев өткен ұлттық бірыңғай тестілеуде 117 балл жинағанын айта келе, болашақта білікті маман иесі болғысы келетіндігін айтты. Түлектерді аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева да құттықтап, ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, өздері қалаған мамандыққа оқуға түсулеріне тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша 331 түлек үлкен өмірге қанат қақса, олардың 11-і «Алтын белгіге», ал 25-і «Үздік аттестатқа» үміткер.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ