Индер аудандық прокуратурасы тұрғындарды алаяқтардан сақтануға шақырды

Индер ауданы прокуратурасы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын-алу, соның ішінде аудан тұрғындарын алаяқтардан сақтандыру мақсатында келесі мән-жайларды назарға береді.

Соңғы бір жылда аудан тұрғындарының интернет-алаяқтық қылмысының құрбанына айналу деректерінің саны 30% артып, жалпы 6,3 млн. теңгеге  материалдық зардап шеккені анықталып отыр.

Бұл жағдайдың туындауының басты себебін халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі ғаламтордың оның ішінде, «Whats APP», «Telegramm», «Instagramm» «Meta (Facebook)» әлеуметтік желілері мен екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшаларды қолдану белсенділігінің артуымен байланыстыруға болады. 

Осы жағдайды ескерген қылмыскерлер интернет желілерін кең пайдалану арқылы әртүрлі құйтырқы әрекеттерге баруда.

Сондықтан, аудан прокуратурасы азаматтарға алаяқтарға алданып қалмау үшін төмендегі ұсынымдарды назарда ұстауын сұрайды.

Біріншіден, әлеуметтік желілердегі жарнамаға сеніп, ірі көлемдегі ақша қаражатын немесе өзге облыстардан, қаладан немесе ауданнан тіпті өзге мемлекеттен жеткізуді талап ететін түрлі тұрмыстық тауарларға, жиһаздарға, емдік дәрі-дәрмектерге, автобөлшектерге, қызметтерге тапсырыстар беру кезінде отбасының өзге мүшелерімен кеңесе отырып асығыстыққа жол бермей:

  • тапсырысты орындаушының Сізге дейінгі репутациясын мұқият тексеріп, бұрынғы тұтынушылардың пікірлерін анықтап алуды;
  • алдын-ала ақша аударымын жасамай тұрып, тапсырыс қабылдаушымен ұялы телефондардағы қосымшалармен бейне байланыс орнатып, оның жеке басына қатысты құжаттардың көшірмелерін сұрауды;
  • Сізге қажетті нақты тауардың барын немесе оны дайындайтын өндірісінің (цехтарының, қоймаларының, жеткізуші көліктерінің және т.б.) тексеріп алуды есте сақтау қажет.

Екіншіден, әр азамат өзінің жеке басына қатысты мәліметтер соның ішінде жеке куәлігі, төлқұжаты, тұрғылықты үйінің құжаттары, автокөліктерінің мәліметтері, банктік есепшоттары, банктік карталары және олардың құпия сөздері, ұялы телефон нөмеріне тіркелген және түсен құпия сөздері туралы мәліметтерді әлеуметтік желілер арқылы жарияламау және сенімсіз, жақын араласпайтын бөгде тұлғаларға, жұмыстастарыңызға жолдамау керектігін басты назарда ұстау қажет.

Талдау көрсеткендей жеке мәліметтерді иемденген тұлғалар құжат иесінің атына шағын (50 000 - 200 000 теңгеге дейін)  несиелер рәсімдеу деректері де аудан көлемінде орын алған.

Сондықтан, дербес деректерді қауіпсіз жерде ұстау, қаржылық сауаттылық таныту құқықтарыңыздың бұзылмауына көмегін берері даусыз.

Үшіншіден, халық арасында танымал Whats APP, Telegramm, Instagramm желілеріндегі ақша қаражатын қысқа уақытта еселеп көбейтемін деп сендіретін күмәнді топтардың жарнама жетегіне ермей, өзіңіздің немесе жақын туыстарыңыздың еңбекпен тапқан, үнемдеп жинаған қаражатыңызды аталған топтарға салудан өте сақ болуға шақырамыз.

Себебі, алаяқтықтың аталған түрінде бастапқыда салымшылар тарту, жарнама жасау үшін Сізге ақша қаражатын көбейтіп беру арқылы қызғушылықты оятады. Осы орайда Сізге артық берілген ақшаның өзіңіз секілді басқа салымшыдан алынғанын есте сақтау керек. «Желілік маркетинг» түрінде қызмет ететін осындай топтардың қызметін ұйымдастырушылары түбінде әртүрлі себептермен күтпеген кезде қаржылық қызметті тоқтатып, Сіз секілді салымшылардың ақша қаражатын қайтарымсыз иемденіп алатынын және өз қажеттіліктеріне ғана жаратып жіберетінін есте сақтаңыз.

Бұл ретте, талдау нәтижесі көрсеткендей ауданда алаяқтықтың осы түрі бойынша жәбірленушілер барлық жағдайда әйел адамдар екені (күмәнді топтарға ұжымдастарының, жақын құрбыларының жарнамасы негізінде қосылған), өздерінің ақша салымын жасағаны немесе кейін алданып қалғаны туралы жанұя мүшелерінен жасырып қиын психологиялық жағдайда жүретіні белгілі болып отыр.

Төртіншіден, өздерін екінші деңгейлі банктердің қауіпсіздік қызметкерлері ретінде таныстырып, есепшоттан белгісіз ақша аударымы болғаны немесе атыңызға несие рәсімделгелі жатырғаны туралы жалған ақпарат беріп, Сізді асықтырып белгілі бір құпия сөздерді сұрау, Whats APP, Telegramm желілері арқылы телефондарға қосымшаларды орнату үшін сілтемелер жіберіп, белгілі бір командаларды орындауға шақыру арқылы алдап, ірі көлемде несие алу арқылы ақша қаражатын иемденуі мүмкін.

Бұндай жағдай туындағанда Сізге күмәнді қоңырау шалушымен дереу байланысты үзіп, өзіңіз қызметін пайдаланатын банктің ресми Call-center телефондарына қайта қоңырау шалып, мән-жайды анықтап алуыңыз қажет.

Бесіншіден, белгілі бір ұтысқа ие болғаныңыз туралы «қуанышты» хабармен бөлісіп, сыйлығыңызды алу үшін алдын ала төлемді дереу аудару қажеттігін талап ететін хабарламалардан өте сақ болу қажет. Бұл жағдайда да өзіңізге қатысты жеке мәліметтерді бермеу және сұратылған ақша аударымдарын алдын-ала жүргізбей, тексеру шараларын ұйымдастыру қажет.

Алаяқтар азаматтардың кенеттен баю, жоспардан тыс пайда табу, арзан тауар немесе қызмет түрін алу ниеттерін пайдалану арқылы қылмыстық әрекеттерін жүзеге асырып, соңында үлкен материалдық шығынға қалдыруда.

Сондықтан, аудан тұрғындарын ақша қаражаттарымен байланысты операцияларды жүзеге асыруда асқан сақтыққа сүйеніп, жоғырда аталған ұсынымдар жиынтығына назар аударуды сұраймыз.

 

  Индер ауданының прокуратурасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521