Дәріхана жоқ, пошта жұмыс істемейді...

Әлемдік пандемия кім-кімге де оңай тимегені белгілі. Әсіресе дәрі тапшылығы қос бүйірден қысып, талайды зар жылатты. Бұл мәселеге билік жіті көңіл бөліп, дәріханаларды медициналық препараттармен қамтығанымен әлі де болса ақсап тұрған тұсымыз баршылық.

-Індеттің алғашқы толқынында қатты қиналып, қажет деген дәрілерді таппай қалдық. Сол үшін 30 шақырым қашықта орналасқан аудан орталығындағы дәріханаларға сабылдық. Қазірдің өзінде де ауылдағы жалғыз дәріхана жабылып қалып, қолымызды кесіп кеткенде йод іздеп абдырап, қарапайым аспирин мен парацетамол сынды дәрі үшін ауданға барамыз. Бір бағытта жүретін газель-400 теңге, такси құны – 600 теңге, ал барып-келу үшін 800-1200 теңге жұмсайсың. Аудан орталығына барғанда іздеген дәрің табыла қалса жақсы, табылмаса, амал жоқ Атырауға асуыңа тура келеді. Жалпы ауылға дәріхана ауадай қажет,-дейді Есбол ауылының тұрғыны Балымзия Дюсупова.

Тұрғынның айтуынша, ауылдағы пошта мекемесінің жұмысы да көңіл көншітпейді. Себебі, тұрғындардың зейнатақы алуы, төлем жасауы, несие төлеуі, тауарларды жіберуі сынды жұмыстар кенжелеп қалуда.

Міне, көтерілген сұрақтарға жауап алу үшін ауылдық округ әкімі Абзал Рамазановқа хабарласып көрдік. Ол кәсіпкер дәріханасын өзін-өзі қаржыландыра алмағасын жауып тастағанын, егер дәріхана ашу үшін кәсіп бастаймын деген тұрғындар болса, көмек көрсететінін айтса, аудандық пошта торабының басшысы Жігербек Төлеуғалиев ауылдағы пошта мекемесінің жұмыс істемейтінін, тұрғындардың зейнетақысын өзі операторы екеуі тасып жүргенін, ал газет-журналдарды курерь жеткізетінін айтып түсіндірді. Сондай-ақ ол:

-Қазіргі уақытта Есбол ауылындағы «Қазпошта» бөлімшесінің жағдайы тұрғындарға түсіндірілген болатын. Осы мәселелерді шешу мақсатында округ әкімшілігімен бірлесіп мектеп, балабақша секілді мекеме басшыларының қолдауымен ауылда «Қазпошта» бөлімшесін қалпына келтіруге жұмыстанып жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер бұл бір-екі күндік жұмыс емес, өзіндік процестері бар. Осы орайда ауыл тұрғындарын «Қазпошта» АҚ бөлімшесінің тұтынушылары болуға шақырамын. Егер жалақылары «Қазпошта» мекемесіне ауыстырылса, қазіргі уақытта туындап тұрған қиыншылықтар жылдам шешімін тауып, ауылға «Қазпошта» банкоматы орнатылып, бөлімше толықтай жұмысына кіріседі,-деді жауабында.

Диас АЙБАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521