Дүбірлі дода – Атырауда

Атыраудың төрінде Құрманғазы сарайында «Егемендігім – ерен елдігім» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Бабадан қалған саф өнерді ұлықтаған 16 ақын өндірісті өңірдің жұртшылығын кәусар жыр бесігінде тербеді. Республика күніне орай ұйымдастырылған шара шымылдығын түрген облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысушыларға сәттілік тілеп, Атырау айтысының дамуына үлес қосқан бірқатар өнер иесіне облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Айта кетелік, ауыздығымен алысқан дүлдүлдердің өнерлеріне ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов бастаған, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айт, ҚР Жазушылар және Жүрналистер одағының мүшесі Бауыржан Халиолла, Ақпарат саласының үздігі Исатай Балмағамбетов қостаған жақсылар мен жайсаңдар қазылық етті. Ал,ақындар айтысын ақын Шынарбек Қабиев жүргізіп отырды.
Бүгінгі ақындардың ішінде «бұ қалайы?»болмады. Олар еліміздің бүгінге дейін жүріп өткен жолы мен даму жолын, жетістіктерін өлеңмен өрнектеді. Халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді дөп басып, жұртшылықты желпіндіріп отырды. Өздеріне ғана тиесілі ойларын ірікпей-ақ ақ жаңбырша төкті кеп. Сөзден сойыл соққан ақындар несие, қымбатшылық пен экологияны жырға қосып, елді сүйсінтті. Қазақтың жері мен халықтың шері де дүлдүлдердің домбырасының үнімен астасып шықты. Түрлі мақаммен түрлендіріп, әдемі рухани кеш те сыйлады.
 
Рита Жайғали

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521