БОРАТТЫ БАРЛАУ БАСТАЛА МА?

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ Қ.ТОҚАЕВ ӨТКЕН ЖЫЛЫ ГЕОЛОГИЯ САЛАСЫНА ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЕЛІМІЗГЕ БЕЛГІЛІ БІР ТОП ҚАЙРАТКЕРМЕН КЕЗДЕСУ БАРЫСЫНДА ГЕОЛОГИЯ САЛАСЫ ЖАЛПЫ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ІСІН ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗІ ЕКЕНІН ЖӘНЕ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАМДАС БӨЛШЕГІ САНАЛАТЫНЫН АТАП ӨТТІ. 

 Сондай-ақ, өткен жылғы Жолдауда Үкіметке 2026 жылға қарай геологиялық және геофизикалық барлау көлемін 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізу міндеті жүктелді. Әрине мұның бәрі бір мезетте жүзеге асып кетуі де мүмкін емес екені белгілі. Дегенмен, Индердің борат өндірісіне қайта жан бітуі мүмкін.  
Жалпы тау-кен өнеркәсібі өткен ғасырда біздің өңірде қарқынды дамыды. Геология және гидрогеологиялық сипаты, пайдалы қазбалары жөнінен аудан жер қойнауының бірнеше күрделілігімен ерекшеленеді. Әсіресе ол құрылыстық материалдар бағытындағы шикізаттарға аса бай. 
Осы өнеркәсіптің даму тарихында 1935 жылы құрылған «Индербор строй» кәсіпорнының орны айрықша 
екені сөзсіз. Алғашқы кезде қайла мен күрек қана еңбек құралы болса, кейін алып техникалармен толықты. 
Ал 1941 жылы Индер геологиялық барлау партиясы құрылса, ол барлаған борат қорын өндірумен және таратумен борат кеніші айналысты. Сөйтіп, Кеңес одағы кезінде Мәскеуге тікелей бағынған кәсіпорынның бағы жанып, Индербордың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарқынды дамып, атағы алысқа кеткен еді. 
Осы борат әлемнің тек үш жерінде ғана кездесетін қазына дейді дерек көздері. Бірі сонау Сібірде, екіншісі 
Америка құрлығында, үшіншісі – біздегі. Мүмкін, іздестірсе, жер шарында әлі де табылар. Қайткенде де 
өткен ғасырдың 70-жылдары дүркіреп тұрған өндіріс орны 2000 жылы банкрот болып толық жабылып, карьерлер ашық аспан астында еш игерусіз жатыр.  Кен орнында қызмет етіп, ауыр жұмыстың мехнатын көрген кеншілердің бірі  зейнеткер Тасболат Маханов:

– Ол кәсіпорын ауқымды болғаны соншалық, мұнда жұмысшылар жер-жерден ағылып келді. Молдовандар 
болды, Украинадан келді, гректер де, армяндар да, болгарлар да болды. Кәдімгі бір үйдің адамы сияқты жұмыс істедік. Жанымыз ашиды ғой, бәрі – өзіміздің қолымызбен өткізген нәрселер. Индердің атын шығарған қазба 100 метр тереңдіктен шығарылды. Сол кезде 8 карьер, 1 шахта жұмыс істеді. Қаншама жұмысшылардың еңбегі еш кетті, – деп қынжылады. 


Қазір ауданда тау-кен өнеркәсібі бойынша 2 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бірақ олар қазылған карьерден шыққан қалдықтарды кері өңдеумен айналысады. Яғни гипстен құрғақ құрылыс қоспаларын, өзге де құрылысқа қажет материалдар шығарып, республика аймағына тасымалдайды. 
Дегенмен, соңғы кездері қазба байлықты игеру мақсатында сең қозғала бастағандай. Айталық, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Полымбет Хасанов:

– Жалпы облыс әкімі Серік Жамбылұлы ірі кәсіпорындар мен шетелден келген инвесторларды қабылдап, әр сала бойынша елімізге пайдасы тиер ұсыныстарды беріп жүр. Өткен жылы Ресей компаниясы бастап келіп, жұмысын жүргізіп жатыр. Мысалы, Индердегі құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын бұрынғы «БИАШТЭК» зауыты жұмысын тоқтатқаны белгілі. Міне, осы өндіріс орнына ресейлік «Вольма» компаниясы 670 миллион теңгеге жуық инвестиция салып, өнім көлемін жылына 10 мың тоннадан 100 мыңға дейін жеткізіп, тым жақсы өнім өндіріп жатыр. Әрмен қарай да жалғасын табады деп есептеймін, – деді. 


Ал министрліктегі ақпарат тіптен қуанышты. Онда борат өндірісі бойынша бөлек жоспар бекітіліп, 2021 жылы шетелдік компаниямен келісімге қол қойылған. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитеті төрағасының орынбасары Қанат Ерубаев:

– Индер боратының болашағы бар. Оны нық сеніммен айта аламын. Қазбаны игеру әлі бастала қоймады. Қазір келісімге отырған компания дайындықтарын пысықтап жатыр.Жуық арада жұмыстар басталады, – 
депті  «Қазақстан» ұлттық арнасына 
берген сұхбатында.


 Осылайша егер жоба жүзеге асса, елімізде химия өнеркәсібінің дамуына зор ықпал етіп, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Ең бастысы, Индердің жаңа тынысы ашылып, борат өндірісіне қайта жан бітеді дегенге сеніммен ғана қараймыз. 


Ж.ИСЛАМҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT