Бақытты әже еңбегінің жемісін көруде

«Алтын алқа» иегері Үміт Төлеуішқызы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстандықтар еңбекқор халық, жалқаулық пен жауапсыздық бізге жат қылықтар деген" сөзін қос қолдап қолдайды. Өйткені, өзінің де еңбекке ерта араласып, бүгінде ұрпағының қызығына бөленіп отырған жайы бар.

Үміт әже 1 ауылда Шәуен күтірінде дүниеге келіпті. Әкесі Төлеуіш Шәуенұлы қажы атанған, сопы болған діндар адам екен. Кеңес өкіметі орнаған шақта қуғынға ұшырапты. Үйшік, қазіргі Атыраудан өзге жаққа әкетіп бара жатқанда анасы Биядамен кездесуге мұрсат беріпті.

Сонда «Әй, жетімдікті көрерсіңдер-ау. Қызымды маңдайынан қақпай өсір. Иншалла, қызымның ғұмыр жасы ұзақ, бақытты болады» деп айтып, батасын берген екен.

Әкесі сол ұсталып кеткенінен оралмапты...

-Әкемнің осы соңғы сөзі – батасы қабыл болып, шүкір бақытты да ұзақ ғұмыр кешіп келемін, -дейді әже жастық шағын еске алып.

Отбасы жағдайына байланысты Сарайшықта, кейін Махамбетте орта мектепті аяқтап еңбекке араласады. 1951 жылы бойжеткен шағында ауылдың азаматы Мұханжан Шененовпен танысады. Ол кезде жігіттер қызға хат арқылы сөз салады екен.

Бес жанның ортасында тақ боп қалдым,

Барында жалғыз аға шамдай жандым.

Қарындас, жалғыз жарлы деп ойлама,

Ер жігіт бас құраса табар малды, -деп хат жолдаған екен. Сондағы тақ болдымы - 4 қыздың ішінде жалғызбын дегені екен

Екі жас осылайша көңілдері жарасып, көп кешікпей отау тігеді. Алғашқыда Есболда, кейін Индерде тұрақтайды. Тұтынушылар қоғамында, тау кенішінің жұмысшыларды жабдықтау дүкенінде абыройлы еңбек етеді. Осыдан 40 жыл бұрын 1980 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан екен.

Отағасы екеуі отбасында 10 перзент сүйіпті. Тұңғышы Әділхан, Темірхан, Қанымжан, Кенған, Шынасыл, Қобылан, Әлібек, Гүлсім, Жәнібек, Асылбек атты ұлқыздарын өмірге әкеліп, бүгінде немере-шөберенің қызығына бөленіп отыр.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521