Бабамнан қалған бесік

Халқымыздың әрбір шаңырағында бесікті киелі санап, құтты мүлік ретінде сақтағаны, қазақ баласының бесік жырымен өскені ежелден мәлім. Бесік – біздің әулетімізде де өзіндік ерекше орны бар. Атам жасаған бесікпен бүгінде немерелерімді тербетіп келемін.

Енді таратып айтсам, мен дүниеге келгенде папам Базарбай тұңғыш немересіне арнап қолдан бесік жасаған екен. Ата деп үлкен атам Төлегенді атайтындығымнан, атамды папа дейтінмін. Ғұмыры жылқышылықпен өткен Базарбай папамның қолы да шебер еді. Аттың ер-тұрманы, үзеңгі, қамшы сынды керек-жарағының бәрін теріден таспа тіліп, ағаштан түйін түйгенін көргенмін. Темірді иіп, көсеу, орақ жасайтын ұсталығы да болатын. Сондықтан да ойдағы-қырдағы ағайын-туыстың папама тапсырыстары көп... Папамнан өрбіген басқа бауырларымның арасынан менің отбасыма осы киелі бесік пен бүгінде төрімде ілулі бірнеше өрім қамшысы мұраға қалыпты. Папам жасаған бесіктің құндылығы - оның ою өрнегі мен әшекейінде емес. Қарапайым үлгіде ағаштан жасаған бесігінің бастысы құрамы берік, балаға қауіпсіз әрі біздің әулетіміз үшін құтты саналады. Әулетімізде әрбір сәби дүниеге келгенде бесіктің жастығы, бауы, жаялығы сынды керек-жарақтары ғана жаңарады. Дәстүрге сай бесікке салу кәдесі жасалып, балаға көз тимесін деп тұмарын, бала шошымасын, ержүрек болсын деген ырыммен жастығының астына пышақ қоямыз. Бесікке менен кейін іні-қарындастарым, жиендерім және менің балаларым бөленіп өсті. Шүкір, бәрі де аман-есен, дені сау.

Заман өзгеріп, техникалар дамып жатқан мезгілде бесіктердің де небір қымбат түрі, ою-өрнектісі шығып жатыр. Немерелерім дүниеге келгенде осындай үлгідегі қымбат бесік алып беруге жақын-жуықтарымнан да ұсыныстар түсті. Бірақ біз игі ниетіне ризашылығымызды білдіріп, атамыздан қалған киелі бесікті қош көрдік. Қазір өзімнің бөленіп өскен бесігіммен ата болған шағымда немерелерімді тербетіп өсіріп келеміз. Бұйырса, алда да ұрпақтарымыздың құнды мүлігі болады деген үміттеміз. Әр кезде де ата-бабамыздан мирас болған асыл дәстүрімізді жоғалтпайық, қазақтың әр үйінде дүние есігін ашқан сәбилер көбейіп, бесік тербеліп тұр ғай.

Саламат Б.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT