АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ АЙҒАҒЫ

Биыл тәуелсіздік тұғыры, тұрақтылық кепілі, азат еліміздің әр азаматының бас бостандығын қорғайтын Ата заңымыздың 26 жылдығы.

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған жас мемлекетіміз үшін бұл жылдардың орны ерекше. Қазіргі уақытта тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, дамыған елдердің қатарында өмір сүруіміз де жиырма бес жылдық тарихы бар Ата заңымыздың арқасы. «Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би» дегендей, еліміздегі билер сотының осы Майқы биден бастау алатыны тарихи шындық. Содан бері Қазақ хандығы кезінде қалыптасқан «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ даласында сол замандағы заң-жарғылардың, мемлекеттік құқықтардың озық үлгісі болды. Осы бабалардан қалған баға жетпес мұра – өз дәуірінде мемлекеттік билікке қатысты барлық талаптарды қамтыған және жеке азаматтардың құқықтық жауапкершілігі мен міндеттерін айқындап берген конституциялық заң үлгісі. Осыдан жиырма алты жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа кезеңге қадам басқан болатын. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң - мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың алға қарай басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.

Мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістердемократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік ел ретінде орнығу талпыныстарының барлығы Ата Заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Осы мерзімде уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынғанда, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі заң да осы -1995 жылы қабылданған Конституция. Жаңа Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл жол ашып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отырған ең үлкен құжат болып саналады. Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің басты саяси құқықтық құжаты. Заңға бағыну - тәртіп, ал тәртіп бар жерде тәрбие, тиянақтылық сияқты адамға тән қасиеттер бар. Сол қасиеттер қоғам дамуына негіз болып табылатыны сөзсіз. Өз Отанын қадірлеп, оны сүюі, оның заңдарына бағынуы - бұл әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезініп, өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауы деп есептеледі. Конституцияның алғашқы бетіндегі: «Адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – ең қымбат қазына» деп көрсетілуі әр азаматтың мерейін өсіретін киелі ұғым. Адам құқығы болмаса, еркін өмір сүре алмайды. Конституция баптарының үштен бірі адамның құқықтары, бостандықтары мен міндеттерін бекітеді.

Осы арқылы мемлекет үшін адамның ең жоғарғы сатыда тұрғандығы көрінеді. Ата заңда белгіленген тәртіп бойынша әрбір Қазақстан азаматы өзінің заңды мүдделерін сот билігінің көмегімен қорғай алады. Еліміздің дамуындағы басты мақсаттардың бірі құқықтық мемлекет болса, осы тұрғыда бірталай дүние жасалып, сот жүйесінің тәуелсіз әрі нақты басқару құралдарына ие болуы үшін құқықтық негіз жасалып отыр. Құқықтық нормалармен бекітілгендей, заң шығарушы, атқарушы, және сот билігі арасындағы қарым-қатынас тек қана заңмен реттелген тәртіпте болуы тиіс. Бұл жердегі басты талап – әрбір іс бойынша шешім шығару кезінде судья тек қана заңға бағынып, соған ғана негізделуі қажет. Ал заңмен бекітілген билікті дұрыс жүзеге асырып, төрелік айту судьяның біліміне және өмірлік тәжірибесіне байланысты екендігі анық. Сайып келгенде, сот билігінде жүрген азаматтар зайырлы қоғам, бірлігі жарасқан елдің іргесін бекіте түсуге еңбек етуі тиіс. Еліміздің тәуелсіздігі мен еркіндігіне, татулығы мен бостандығына салиқалы қызмет көрсетіп келе жатқан Конституциямыздың келешегі бұдан да зор. Ендеше, халықтың қалауымен, тағдырдың тартуымен келген барлық істің алтын таразысы болатын еліміздің негізгі құжаты – Ата Заңымыздың мерейі асқақтай берсін.

Жанат САМАТҰЛЫ,

аудандық сот төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521