Аудандық газет неге кешігеді?

«Dender» және басқа да мекен-жайымызға жазылған газетжурналдарымызды пошташылар кешіктіріп жатыр деген реніш редакцияға жиілеп кетті.

-«Dender», «Атырау», «Жас Алаш» газеттерінің соңғы бірнеше нөмірлерінің бәрі кешігіп жатыр. Поштаға байланыса алмай, амалсыз редакцияға шығып отырмын, - деп хабарласты зейнеткер Ғабдысамат Әйіп.

Ағаймен сөйлесіп бола бергенім сол еді, Мауыт Жанерке атты көпқабатты үйдің тұрғыны да редакцияға телефон шалды.

- «Dender» газеті уақытында шығып жүр ме? Биылдыққа бір ғана нөмірін алдым, басқасы қайда? - дейді ол.

Газет сұрап тағы басқа да оқырмандар хабарласуда...

«Ағайынымның үйіне де «Dender» газеті биылдыққа келмей жатыр» деп өтініш айтқасын, поштаға өзім де аяқтай барып, әйтеуір соңғы нөміріне қол жеткіздім. Менің алдымда кенттің «Барлаушылар» бөлігінің тұрғыны Ибатолла Ихласов та газетін іздеп келіп тұрған бойы екен. Ал кенттің жаңа мөлтек ауданындағы 80 пәтерлік үйдің тұрғыны, мәдениет ардагері Талапқали Идекешов те соңғы кезде поштадан өзі келіп алуды әдетке айналдырыпты.

-Пошташыларды түсінемін, үлгермей жатқан шығар. Бірақ пошташыларды күтетін болсам, «Dender» газеті шыққан жұма күні емес, келесі аптада оқуға тура келеді. Сондықтан өзімдікімен қоса көршілердің газеттерін де ала кетемін, - дейді ол.

Осы орайда біз «Қазпошта» АҚ Индер бөлімшесінің басшысы Жігербек Төлеуғалиевті сөзге тартқан едік.

- «Дендер» газеті келетін жұма күні оқырмандарға бірден таратуда қиындық туындайды. Жалпы басқа уақытта оқырмандарға газет-журналдарын таратып келеміз. Жасыратыны жоқ, Индербор кенті бойынша газет тарататын 4-ақ қана курьербар. Оның бірі жақында ковидпен ауырып қалды. Ал екеуі жұмыстан шығып кеткен қызметкерлердің орнына келді. Жаңа қызметкерлер тұрғындардың мекенжайымен толық үйреніспей жатқаны да бар. Әрі көп үйлердің нөмірлері толық емес, әркелкі екен. Оған өзім де көз жеткіздім. Қыс мезгілінде газетті велосипедпен тасымалдау да қиын. Ал бастысы Индербор кенті жаңа мөлтек аудандармен көлемі ұлғайып кетті. Осы мәселеге орай облыстық басшылыққа 4 курердің бүкіл кентке уақытында үлгермейтінін айтып, мәселе қоюдамыз, - деді ол.

Сондай-ақ пошта басшысы әрбір үйде пошта жәшігі болмауы да үлкен қиындық тудырып отырғанын, көп қатарлы үйлерге ортақ пошта жәшігін орнату қажеттігін, кент әкімдігіне осы туралы ұсыныс айтылғанын, жеке үйлерде байланбаған иттер де қауіп туғызып отырғанын айтты. С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521