Ауданда көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүрмек

Жыл санап көркейіп келе жатқан Индербор кентінің көркіне көрік қосып, жасыл желекке айналдыра түсу жергілікті биліктің басты мұраты болып отыр. Биылғы жылы бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды басталды да. Кенттің бірқатар көшелеріне жаңадан жас көшеттер отырғызылып, қажетті су желілері тартылды.

Тазалықтың екі айлығы жарияланғанымен елімізде орын алған төтенше жағдай аясында апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктерге шектеу қойылды. Нәтижесінде жекелеген тұрғындар өз үйлерінің айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді. Шығарылған қоқыстарды «Жасыл аймақ» ЖШС арнайы орынға алып кетеді. Кенттің тазалық жұмыстарына жауапты серіктестік тал егу, тазалық жұмыстарын әсте бәсеңдеткен емес.

Өткен жылы мәдениет үйі жанындағы саябақ қажетті жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілген болатын. Жаңарған саябақтың сәнін одан әрі әрлей түсу үшін жаңадан жас көшеттер отырғызылыпты. Күтіп ұстау үшін жұмыспен қамту орталығы арқылы ақылы қоғамдық негізде арнайы жұмысшылар да бөлініпті. Солардың бірі Мұхамбет Жұбанов:

-Осы саябаққа 1 сәуірден бастап жұмысқа кірістік. Үш адам жұмыс істейміз. Өткен аптада 500-ң үстінде жаңадан роза гүлін ектік, енді көп кешікпей газон егіледі. Шамамыз келгенше бағып отырмыз. Су уақытында беріліп отыр,- дейді өз сөзінде.

Саябақ демекші, осы кенттің басында 4 саябақ бар. Десек те олардың кейбірінің күтімі де «па» дегендей болмай жататыны жасырын емес. Қаулаған шөптен егілген тал көрінбей, аяқ басар жер қалмай жүргені де шындық. Бұл жайт «Көктем» мөлтек ауданында бұрынғы жылдары салынып пайдалануға берілген саябаққа да қатысты. Тек қана жаз мезгілінде «Жасыл ел» еңбек жасағының күшімен бір рет тазартып алғанымызбен күз мезгіліне қарай қайта қаулайды.

Бұл да бір ойлантатын мәселе екені айтпаса да түсінікті. Қазынадан қомақты қаржы қаралып салынған саябақтың сәні қашан кіреді екен деген заңды сауал әр тұрғынның көкейінде тұрғаны анық. Осыдан 17 жыл бұрын Махамбет бабамыздың 200 жылдық мерейтойы аясында салынған «Бейбарыс» көшесіндегі аллеяға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болыпты.

Кент әкімінің орынбасары Олжас Хасановтың айтуынша, аллеяны абаттандыру жұмыстарын атқару бойынша тендер арқылы атыраулық «ОңдасынСтрой» ЖШС ұтып алды. Аталған мекемемен келісім-шарт жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Жобалық құжаттамаға сәйкес жарықтандыру жұмыстары, жазғы суару жүйесі, екі дана су бұрқағы салынып толықтай жөндеуден өтеді. Құрылыс жұмыстарын жыл аяғына дейін бітіру жоспарланып отыр. Жайық өзені жағалауында орналасқан ескі саябақты «Жастар саябағына» айналдыру, «Жеңіс» саябағына жай жөндеу жұмыстарын жүргізу жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылмақ.

С.КӨШЕКОВ

сурет дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521