Филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Қадыр Жүсіптің Қазақстанның Халық әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаеваға арналған «КҮЙ ПАДИШАСЫ» кітабының таныстырылымы өтті. Шара Түркітілдес халықтардың «Saz Perneli Saraishyq» ІІ Халықаралық музыкалық “Dombyra” фестивалі аясында ұйымдастырылды.
Аталмыш кітаптың тұсау кесу рәсімі Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтешов Мұрат Сақтайұлы мен Айгүл Нариманқызының інісі Бейімбет Үлкенбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Құттыгерей Дүйсеев пен ақын, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Жазушылар Одағының және ҚР Журналистер Одағының мүшесі Ниетқалиева Гүлзада Рақметқызына жолданды.
Дастан бес бөлімнен тұрады. Автор “Қасиетті домбыра” деп аталатын прологтан бастап, өнер, оның ішінде күй өнерінің өзіндік ерекшелігі, табиғат құбылыстарымен үндестігі туралы атап өткен. Күй өнері туралы көркем дастанда дәулескер күйші Айгүл Үлкенбаеваның өмірі бейнеленіп, күйшінің тұлғалық қалыптасу жолы сөз болады.
«Мен ағамның дастан арқылы күй құдыретіне көрсеткен құрметін бағалаймын. Жігеріңіз бен күш-қуатыңыздың сарқылмауын, зор денсаулық тілеймін. Сіздің әлі де жазарыңыз көп. Қадір аға менің ата-анаммен өте жақсы араласты. Сіздердің алдарыңызда ағама құрмет көрсеткім келеді» деп Айгүл Үлкенбаева авторға шабан жапты.
Айта кетейік, түркітілдес халықтар¬дың «Саз пернелі Сарайшық» фестивалі Атырауда екінші мәрте ұйымдастырылды.