Проактивті форматтағы мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру үшін отбасының цифрлық картасы арқылы 1540 адамға смс хабарлама жіберіліп, 700-ден аса адамға жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер рәсімделді. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті деп, хабарлайды облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қыркүйектің бірінен бастап отбасының цифрлық картасы пилоттық режимде қолданысқа енгізілді. Бұл картаның тиімділігі өте жоғары. Отбасының цифрлық картасы - әлеуметтік мәртебесіне байланысты, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы». Яғни, алдағы уақытта мемлекет ақпараттық жүйелер арқылы азаматтарға тиісті органдарға жүгінбей-ақ, мемлекеттік қолдаудың қандайда бір түрін алуды өзі ұсынатын болады. Бүгінде отбасының цифрлық картасында облыстағы барлық отбасының және олардың мүшелері туралы әлеуметтік деректері қалыптастырылған. Бұл деректер отбасы және олардың мүшелерінің мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырылады. Егер мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда, қызмет көрсетуге келісім алу үшін қызмет алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін автоматты түрде қызмет алушыдан өтініш қалыптасады. Нәтижесінде жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының есеп шотына аударылатын болады,- деді А.Мәмбетов.
Оның айтуынша, биыл отбасының цифрлық картасына енгізілген, тағайындалуға ұсынылған төлемдер мынадай. Яғни асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем алмайтын балалар, бала туғанда берілетін жәрдемақы алмағандар, баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне жәрдемақы алмағандар, Күміс Алқа немесе Алтын алқа алмағандар, көп балалы отбасылар ретінде жәрдемқы алмайтындар, жұмысынан айырылу жағдайда бойынша төленетін әлеуметтік төлем алмағандар, мүгедектігі бойынша жәрдемақы және зейнетақы алмайтын мүмкіндігі шектеулі адамдар, зейнетақы және мүгедектігі бойынша төлем алмайтын зейнеткерлік жастағы адамдар, атаулы әлеуметтік көмекке үміткер отбасылар.
Айта кетейік, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылған болатын. Отбасының цифрлық картасын енгізу жобасы кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Енді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады. Ал 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілсе, 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады.