Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов халықты көрісу күнімен құттықтады

Армысыздар, ардақты ағайын!
Cіздерді бағзыдан келе жатқан ата дәстүріміз — Көрісу күнімен құттықтаймын!
Тарихи тамыры тереңге бойлаған бұл салт — дана халқымыздың ұлыс болып ұйығандығының жарқын көрінісі іспетті.
Ата-бабаларымыз ертеден дәл осы күні бір-бірімен қуана қауышып, амандық-саулық сұрасып, ізгі тілектерін арнап ұлы Абайымыз айтқандай: “Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып” мәре-сәре болған.
Ұлық дәстүр бүгінде ұлттық ерекшелігіміз ғана емес, ғасырларға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналды.
Көрісу — адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес. Жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал.
Көктемнің елең-алаңында басталатын Көрісу салтының өзіндік ерекшелігі — бір күнмен шектелмейді, жыл бойы жалғасады.
Бұл мейрам — өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымға толы.
Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі — жаңару мен жасампаздықтың бастауы. Сондай-ақ ырыc пен берекенің арқауы деп бағаланған.
Олай болса, жан баласының бір-біріне деген ізеттілігін, құрметін, сүйіспеншілігі мен ынтымағын арттыратын мерейлі күн баршамызға құтты болсын!
Елдің бірлігі, отбасының ынтымағы, ағайынның татулығы мен бауырлардың мейірімділігі еселенсін!
Дастарханымыз аққа толып, үлкендердің ізеті мен кішілердің құрметі арта берсін!
Бір жастарыңыз құтты болсын, ағайын!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT