Мемлекет басшысы, Бас қолбасшымыз Қ.Тоқаев Жолдауында: -Мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі армияда берілуге тиіс. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың экономикадағы нақты сектор үшін қажетті жұмысшы мамандығын игеру мәселесін пысықтаған жөн,- деп атап өтті.
Шын мәнісінде бұл болашақ сарбаздарға тағы бір мүмкіндік болар еді деп ойлаймын. Өйткені, қазір әскер қатарына шақырылғандар түрлі сылтау айтып барғысы келмейді. Тіпті, бір жыл уақытымыз босқа өтеді дейтіндер де бар. Отан қорғау, ұлттық намыс дегеннен гөрі әлеуметтік жағдай көбірек ойлантады. Енді өзгеріс еніп, армиядан қандай да бір мамандық иесі атанып келетін болса қызығушылық болар еді деп ойлаймын. Міне, бүгінде 18-ден 27-ге дейін аралықтағы дені сау, жарамды азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды.
Ал бейбіт уақытта әскери қызметке шақырудан денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз, 27 жасқа толғаннан кейін заңды негіздемелерде мерзімді әскери қызметке шақырылмаған, туыстарының бірі (әкесі, анасы, аға-інілері немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бірінші және екінші топтағы мүгедектер, басқа мемлекетте әскери (баламалы) борышын өтеген және тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады. Мерзімді әскери қызмет өтеуі бір жыл екені белгілі.
Қазақстан Республикасының мерзімді әскери қызметіне Қарулы Күштеріне, ҰҚК шекара қызметіне, Ұлттық гвардияға және Мемлекеттік күзет қызметі бойынша жинақталады. Коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты алдын алу шаралары қабылданды. Осы ретте әскерге шақырылушылардан екі рет, яғни, әскерге шақыру кезінде және әскери бөлімдерге келген кезде жинау пункттерінде ПТР-талдама алынады.
Жаңа шақырылушыларға екпе жүргізу қызмет өткеру орындарында ұйымдастырылады. Әскерге шақыруға жататын азаматтар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне шақырту қағазын және жеке куәлігімен дәрігерлік тексеріске келуге міндетті. Биыл әскерге шақыру барысында азаматтарды хабардар етудің жаңа тәсілі қолданылатын болады. Пандемия жағдайында қарым-қатынасты азайту үшін цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 сервис қызметі пилоттық режимде SMS-хабарламалар жібереді.
Белгісіз себептермен келмеген уақытта Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 647 бабы және Қылмыстық Кодексінің 387 бабы бойынша жауапқа тартылатынын еске саламыз. Қайткенде де Президент тапсырмасы мықты армия қалыптастырудағы жоспарымызды одан әрі нығайтады деп сенеміз.
Н.Манкеев,
Индер аудандық әскери комиссариаты
жасақтау тобының бастығы