Егер 5 келіден артық балық ауласаңыз...

Соңғы жылдары басты су көзіміз - Жайықтың жеткілікті деңгейде тасымауы балық қорының өсіп-өнуіне зор кедергілер келтіріп отырғаны белгілі.

Индер инспекцияның басшысы Тұрар Шайдуллиннің айтуынша, биыл Жайық бойындағы 21 су тоғандарының бірде-біреуіне де су құйылмаған. Бұл су тоғандары балықтардың негізгі уылдырық шашатын орны екенін ескерсек, балықтың өрісі қаншалықты тарылып бара жатқанын бағамдар едік. Инспекция мамандары бұған дейін жазда су тартыла бастағанда тоғанда қалып қойған балықтарды сүзіп алып, Жайыққа жіберіп, құтқару жұмыстарын жүргізетін. Балықтардың көктемгі уылдырық шашу мезгілінен кейін маусымның 15-нен бастап әуесқой балықшыларға балық аулауға рұқсат етіледі. Ескерері, әуесқой балықшылар елді мекендердің белгіленген тұсынан және 5 қармақпен 5 келіге дейінгі мөлшерде ғана аулай алады. Сондай-ақ заңдылыққа сәйкес көпірдің екі жағынан 50 метрге дейін балық аулауға тыйым салынады. Әрі қыс кезінде әр аптаның сейсенбісі мен сәрсенбісінде балыққа рұқсат етілмейді екен.

-Егерде 5 қармақтан асып кетсе заңдылыққа сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш, ал рұқсат етілмеген құралдармен аулағандардың айыппұлы 20 АЕК-тан жоғары жүреді. Балықтың түрі мен салмағына қарай айыппұлы да өсе береді. Салынған айыппұл 7 күннің ішінде төленсе 50% мөлшерде жеңілдігі бар. Егер заңсыз ұсталынған қарабалықтың салмағы 167 келіге дейін болса әкімшілік жауапкершілік қаралады, одан асса қылмыстық іс қозғалады. Жалпы жыл басынан бері 56 жеке тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, 874 593 теңге айыппұл салынды, - деді инспекция басшысы.

С.БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521