АРБАҒА ТАҢЫЛСА ДА АРМАНЫ АСҚАҚ

КОНКУРС "Қазіргі заманның қаһармандары"

Бұл өмір! Ия, өмір адамзат үшін өте ыстық. Қамшының сабындай ғұмырдың қадірін әркім әр қилы түсінсе, көпшілігіміздің алтын уақытымызды бос өткізіп алатынымыз бар.

Ал керісінше тағдыр тәлкегіне ұшырап, мүгедек боп қалған жандардың қайсарлығы, өмірге құштарлығы таң қалдырады. Солардың бірі тағдырдың салған тәлкегіне мойынұсынбай, өзінің мықты жігері мен рухының арқасында армандарына қол жеткізген Елтай ауылының тумасы, ауданның белсенді жастарының бірі -Жанесейов Қуат Ғибатоллаұлы. Жасынан өмірге құштар ол 1990 жылы 18 сәуірде Ғибатолла мен Айгүлдің шаңырағында дүниеге келіп, шуақты шаңырақты шаттыққа бөлейді. Есейе келе көп жылдық тарихы бар Мұқанғазы Сиранов атындағы орта мектепке қабылданып, спорттық шаралармен қатар, көркемсөз оқудан алдына жан салмай көптеген дипломдармен марапатталады. Оқуды ойдағыдай аяқтап, 2008 жылы желтоқсан айында Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласындағы 6637 бөлімінде әскери борышын өтеуге аттанады. Бір жылда өзге қалада аға пулеметші болып, азаматтық парызын атқарып, аман-есен елге оралады.

АРБАҒА ҚАЛАЙ ТАҢЫЛДЫ?

Есейіп ер жеткен шағында Атырау қаласындағы "Шуаққала" қонақ үйінде жұмыс жасап жүрген кезінде, жол-көлік апатына түсіп, өмір мен өлімнің арасында қалды. Сол мезетте болған жантүршігерлік жайды кейіпкеріміз былайша баяндады.

-Таңсәріде күнделікті жұмысқа бет алып қоғамдық көлікке отырдым. Қоғамдық көлік күнделікті түсетін "Закс" аялдамасына келіп тоқтады. Жаяу жүргіншіге арналған белгіден өтіп бара жатқанымда жеңіл машина қағып, кейін автобус үстімнен өтіп кетіпті. Сол сәтте сан түрлі ой санамды шарпып өткені ғана есімде. Одан әрі есімді жинап, өзімді көргенімде жүрегім дір ете берді. Сол арада болған көше тұрғындары, такси тоқтатып облыстық ауруханаға тездетіп апарып, дәрігерлерге тапсырған екен.. Содан дәрігерлерден он екі мүшемнің сау жері жоқ екенін естідім. Біраз жеріме зақым келіп, оған он үш ота жасаған екен. Ауруханадан шыққаннан кейін арбаға таңылдым. Тай-құлындай шауып, тепсе темір үзетін шағында қызықты күндерді өткіземін деген Қуат әп-сәтте I топтағы мүгедек атанды. Мүгедек адамдардың бойларындағы қайрат-жігерлерінің мұқалмайтындығы, жан дүниелерінің тазалығы, алға қойған мақсаттарының айқындығы болары шындық. Жалпы адам бойында қандай бір қабілет әу бастан болғанымен, оны әрі қарай жетілдіру өз қолында екені белгілі жағдай. Ал, бұл тұрғыдан алғанда, Қуат өзіне "мен не істей аламын?", "әке-шешемді қалай асыраймын?" деген сан түрлі сұрақтарға жауаптар іздеп, өмірімен күресті.

АРМАНЫ АЛДАМАПТЫ

Тағдыр тәлкегімен мүгедек атанғанымен, жігерін жоғалтпаған Қуат 2012 жылы маусым айынан бастап "Даму-2020" бағдарламасы аясында несие алып, әуелі Елтай ауылынан азық-түлік дүкенін іске қосып, кейін аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығынан жалға орын алып көшірме жасау қызметін атқарды. Мүгедек болса да, он екі мүшесі сау адамдармен бірдей небір игі тың бастамаларды жоспарлап, жүзеге асыра білген Қуат, спортты да жанына серік етті. Ол Атырау облысындағы мүмкіндігі шектеулі жандар клубында ұйымдастырылған теннистен өткен жарыстарда үздіктердің қатарынан табыла білді. Ал, осындай нәтижелі биікке шығудың бірден-бір себепшісі аудандағы жетекшісі Жасұлан Бисеновтің ерен еңбегінің арқасында екенін жеткізді. Сонымен қатар Қуат өз кәсібін дамытқаны үшін Атырау облысы жұмыспен қамту бөлімінен "Іскерлігі үшін" дипломымен марапатталып, кейін облыстық "Жастар форумында" кәсібі бойынша баяндамасын сәтті қорғап, бас жүлдені ұтып алды. Осындай биіктерді бағындырудағы басты себеп - оның өз қабілетін шыңдау -барысындағы тынымсыз ізденісі мен еңбекқорлығы, бойындағы өмірге деген сүйіспеншілігі мен махаббаты, қайсарлығы екендігі сөзсіз айқын.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ-ҚАДІРЛІ ІС

Ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі - қайырымдылық. Алла Тағала қайырымдылық жасаған адам мол сауапқа ие болады деген екен. Осындай жүрегінде иман нұры ұялаған Қуат биылғы жылдан бастап Аллахтың разылығы үшін Құрбан айт мерекесінде "Жеңіс" саябағында, "Әйіп-Қажы" мешітінің алдына балалар ойнайтын ойыншықтар (батуттарға) балаларды тегін ойнатты. Жаз айында мүмкіндігі шектеулі бір мектеп оқушысын оқу-құралдарымен қамтамасыз етті. Қуаттың алдағы мақсаты - "Жеңіс" саябағынан ойын алаңдарын көптеп ашып, бүлдіршіндердің көңілдеріне ләззат сыйлау. Иә, қарсы соққан тағдыр желіне мойынұсынбай, алға қарай ұмтылған Қуаттай қайсар жігіттеріміз көпке үлгі боларлықтай. Оның айтуынша, оған бәрінен қымбат отбасындағы әкесі мен анасы, қос апасы мен жалғыз інісі, бауырлары мен достары. Өмір - өзеннің асау толқындарына шаршамай, барынша қарсы жүзіп келе жатырған мүмкіндіктері шектеулі жандардың көңілдеріне көлеңке түсірмей, мүмкіндігінше олардың жайлы өмір сүруі үшін де қоғамда бар жағдай жасалып жатыр. Өмірді сүрмеу керек, сүре білу керек. Өмірге құштарлығы көпге үлгі болғандай Қуаттың бұл ең басты қағидасы. Судың ағысымен қалқи беруге кез келгеннің шамасы жетеді. Бірақ қарсы жүзу – бұл ерлік. Ерлік жасау, тәуекелге бару өмірдің әрбір сәтін жүрекпен сезіне алу. Осындай әрбір сәттің мәнін аша білген, не үшін өмір сүріп жүргенімізге жауап таба алатындығымыздың дәлеліндей болған Қуатқа болаттай қуат тілейміз.

Диас АЙБАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521