Алаяқтық (ҚК-нің 190-бабы) меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына жатады. Бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену-алаяқтық болып табылады.
Алаяқтықтың міндетті белгісі кінәлі адам пайдакүнемдік мақсатта бөтен мүлікті өзінің меншігіне не оған құқықты өзінің меншігіне не оған құқықты өзінің пайдасына не басқа адамдардың пайдасына құқыққа қарсы өтеусіз айналдыра отырып, оны алдау немесе сенімді қиянат теріс пайдалану арқылы жасайды. Олардың ықпалымен меншік иесі немесе мүліктің өзге иесі мүлікті немесе оған құқықты басқа адамдарға өз еркімен береді.
Алаяқтық үшін азаматтар Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес жауапқа тартылып, ең жоғарғы жаза –он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, кодекстің 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық топ жасаған, аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық үшін сотталушының мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.
Осыдан көріп тұрғанымыздай, алаяқтарға берілетін жазаны жеңіл деп айта алмаймыз.
Мәселен, сотта сотталушы Е. деген азаматшаға қатысты бірнеше рет жасалған алаяқтың бабы бойынша іс қаралды.
Сот процесі барысында Е. ауыл әкімінің ұялы телефонына қоңырау шалып, Тенгиз қалашығындағы бір үлкен мекемеге жұмысқа жұмысшылар алып жатырғандығын, 300 мың теңгеге дейін жалақысы барын айтқан. Соңғысы тұрғындарды жұмысқа орналастыру мақсатында өзінің маманы арқылы ұялы телефонындағы «WhatsApp» желісімен жұмысшылар қабылдап жатқаны туралы жарнаманы ауыл тұрғындарына таратқан.
Ауыл тұрғыны Х. жұмысқа орналасу мақсатында жарнамада көрсетілген ұялы телефон нөміріне қоңырау шалған. Е. өзін мекемеде кадр бөлімінің қызметкері екендігі туралы, 30 000 теңге ақша аударымын жасаған жағдайда, жұмысқа орналастыратындығы туралы жалған айтқан.
Х. бұған сеніп қалып, Е.-нің банкомат кәртішкесіне 30 000 теңге ақша аударып, оны ол алаяқтық жолмен иемденіп, нәтижесінде жәбірленуші Х.-ға 30 000 теңгеге мүліктік залал келтірген.
Сол сияқты, Е. сол ауыл тұрғыны Қ-деген азаматты жұмысқа орналастырамын деп алдап, 30 000 теңге ақшаны аударып, жәбірленуші Қ.-ға 30 000 теңгеге мүліктік залал келтірген.
Сотталушы Е.-нің қылмыстық әрекеті ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен сараланды, себебі ол бірнеше рет алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікті жымқырып, алаяқтық жасаған.
Сот үкімімен сотталушы Е.-ге заңға сәйкес жаза қолданылды.
Осы сияқты алаяқтардың құрбаны болмау үшін кез келген ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбей, ешқандай әрекетке бармау керек. Достарыңыздан әлеуметтік желі арқылы алған хабарламалардың өзіне сенбеу керек. Себебі, акаунттар бұзылған болуы да ықтимал.
Таныс емес нөмірлерден келген хабарламаларға назар аудармаңыз. Кез келген мессенджерлерден келген сілтемелерді жөн-жосықсыз аша беру де дұрыс емес.
Түптеп келгенде алаяқтық қылмыстардың қоғамға тигізер қатері жоғары.
А.И.Куспанов,
судья