Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасына сәйкес ауылдық елді мекендерді дамыту жобасы аясында Индер ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Аққала ауылында «Алтын ұя» атты 90 орындық жаңа бөбекжай-балабақшасы пайдалануға берілді. Мыңға тарта тұрғыны бар мекеннің айтулы қуанышына облыс әкімі Серік Шәпкенов арнайы қатысып, құттықтады.
-Қадірлі жерлестер, сіздер мен біздер үшін бүгін ерекше күн. Баланың қуанышынан артық бақыт бар ма, сірә! Бүлдіршіндеріміздің алаңсыз өсуіне жағдай жасау мақсатында ел Президенті алдымызға нақты міндеттер жүктеп, оның ойдағыдай жүзеге асырылуын тапсырған болатын.
Бүгінгі қуаныш та соның бір жемісі. Ендеше, ел игілігіне арналған бөбекжайда балалардың шат үні естіле берсін,-деді аймақ басшысы Серік Жамбылұлы.
Ұзақ жылдар бойы ауылмен аттас мектепте сабақ беріп, өскелең ұрпақтың қамсыз білім алуына сүбелі үлес қосқан Нәжімеден Ислямғалиұлы ауылдастарының қуанышымен құттықтап, игі лебізін білдіре келе ауыл тұрғыны Қансұлу Қидашева екеуі алқызыл лентаны қиған соң, Күләш Құлжанова шашу шашты.
Аққалалықтардың сан жылғы арман-тілегі орындалған балабақшаның ашылуынан соң өңір басшысы Серік Шапкенов жаңа бөбекжайды аралап көріп балабақша тәрбиеленушілері толық мүмкіндік қарастыруды тапсырды.
Балабақша құрылысын облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы негізінде «Гранд Мастер» ЖШС атқарып шықты. Ол үшін қазынадан 911 764,0 мың теңге бөлінген екен.
Жалпы ауданда 2129 бала контингенті бар мектепке дейінгі ұйымдар 11 балабақша, 11 мектеп жанынан ашылған шағын топ, 15 мектепалды даярлық сыныптары жұмыс істейді. Осы кезге дейін 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту көрсеткіші 74% құраса бүгінгі күні 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту аудан бойынша 89,6% құрайды. Күні бүгінге мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте тұрған бала саны – 985.
Бұдан соң облыс басшысы Серік Шапкенов Елтай ауылында болып, мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Кездесуде аймақ басшысы осыған дейінгі тұрғындар жиындарында көтерілген мәселелер бойынша қабылданған шаралар туралы баяндап, тұрғындар сауалдарына жауап берді.
Жиыннан соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
С.Көшеков