Президент тапсырмасына сәйкес өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында ауқымды жобалар жүзеге асып, соның нәтижесінде түйткілді мәселелер ретімен шешіліп келеді. Басқасын айтпағанда, бүгінде алақандай ауылдарда да халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Халық үніне құлақ асқан үкіметтің осылайша үміт отын жағып отырған жайы бар.
Айталық, 500-ге тарта тұрғыны бар Аққала ауылында соңғы жылдары асфальт жол салынып, ауыз су қолжетімді бола бастаса, енді, міне, көптен күткен балабақша құрылысы жүріп жатыр. Жыл сайын көркейіп, өсіп келе жатқан аққалалықтардың ауылға балабақша салу мәселесі аудан басшылығының халық алдында есеп беруінде сан мәрте көтерілген-ді. «Халық айтты, билік естіді» деген осы болса керек.
Ауылдықтардың осы бір көптен күткен арманы орындалып, 2023 жылдың сәуір айында Атырау облыстық сәулет және құрылыс басқармасының тапсырысымен, мердігер «Гранд Мастер» ЖШС көлемі 20967,44 шаршы метрді құрайтын 90 орындық балабақша сала бастады. Құрылыстың межелі ұзақтығы 1 жыл 10 ай деп белгіленген. Жоспар бойынша алдағы 2025 жылдың ақпан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал ол күнді асыға күтіп отырғандар аз емес.
– Менің құдайға шүкір, төрт балам бар. Екеуі мектеп жасында. Үшінші кішкентайымды аудан орталығындағы балабақшаға апарып жүрмін. Әрине, тасымал оңай емес. Кейде үйдің көлігімен апарамыз, бірақ техникаға сенім жоқ қой, бұзылып қалған жағдайда такси іздеп әбігер боламыз. Тек мен ғана емес, жерлестерімнің көбі, яғни мен білетін 30-дың үстіндегі ауыл жастары балаларын бірі мемлекеттік, бірі жекеменшік балабақшаға аудан орталығына апарады. Жұмысымыз ауылда болған соң, балабақшаның да ауылда болғанын қалаймыз ғой. Салынып жатқан балабақшаның ашылуын асыға күтудеміз, – дейді аққалалық көпбалалы ана Әлия Хамитова.
– Балабақшаның іргетасы қаланып, бірінші қабатының тасы көтеріліп, сонымен қатар сырты қызыл таспен қапталып тұр. Ішкі бөлмелері бөлініп жатыр. Жұмыстың 25% ы ғана жасалынды. Өкінішке орай, төтенше жағдай кезінде жол болмауына байланысты материалдар уақтылы келмей қолымызды бөгеді. Қазіргі уақытта кедергісіз құрылыс жұмыстары жүргізілуде, - дейді мердігер «Гранд Мастер» ЖШС-нің бригадирі Мұрат Сағынов.
Құрылыстың жалпы құны – 9 11764297,00 теңге. Екі қабатты балабақшада асхана, жатын бөлме, мұғалімдер бөлмесі, логапед және психолог бөлмелері, гардероб, санитарлық орындар қаралған. Бүгінгі таңда бөлмелерді бөлу жұмыстары жүріп жатыр.
А.БОКИРОВА,
суреттер автордікі