Агроөнеркәсіптік кешен – ел экономикасының тірегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, тиімді басқару және инновацияны енгізу арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта біздің аудан да нақты нәтижелерге қол жеткізуде.

Биылғы жылы Индер аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 104,7 пайызды құрап, өндіріс көлемі 5 млрд 009 млн теңгеге жетті. Салаға 63,4 млн теңге инвестиция тартылды. Мал шаруашылығы бойынша өсім 105,7 пайызды құрап, жалпы өнім көлемі 4 млрд 320,6 млн теңгеге артты.

Мал азығын дайындау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде: биылғы жылға қажетті 70 200 тонна шөп пен 9200 тонна құрама жемнің бүгінде 52 пайызы дайындалды. Бұл – алдағы қыстақ кезеңін тұрақты өткізуге берік негіз.

Егін шаруашылығы бойынша 35 шаруа қожалығы мен жеке сектор барлығы 1387 гектар жерге егін егіп, қазіргі таңда 761,8 тонна өнім жиналды. Суару жүйелерін жетілдіру де жүйелі түрде іске асуда: “Бағырлай” және “Құрайлы-Сай” каналдары қайта жаңғыртылуда, “Алғабас-Жорық” жүйесіне жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Сонымен қатар аудан көлемінде 34 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, 18,3 млн теңгенің өнімі тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылды. Бұл – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудағы маңызды қадам.

Алдағы жылдары “Меңдешов Ерлан” ЖК мал сою пунктін, “Асыл-Агро” және “Шыңғыс” шаруа қожалықтары бордақылау алаңдарын іске қосу арқылы өңірдің өндірістік әлеуеті арта түспек.

Дегенмен, салада шешуді қажет ететін мәселелер де бар. Соның бірі – қарақұртпен күрес жұмыстарын күшейтіп, оны аса қауіпті зиянды организмдер тізіліміне енгізу, сондай-ақ канал суының тарифін төмендету мәселесін шешу. Себебі су бағасының өсуі (2023 ж. – 29,73 тг, 2025 ж. – 44,21 тг) егін шаруашылықтарына айтарлықтай салмақ түсіріп отыр.

Жалпы алғанда, агроөнеркәсіп саласы – аудан экономикасының негізгі бағыты. Осы бағыттағы тұрақты даму, инновациялық тәсілдер мен мемлекет қолдауы ауыл еңбеккерлерін жаңа жетістіктерге жетелейді.

Абай Абдиров

ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT