МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «АЗАМАТТАРДЫҢ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУЫ – ДЕНІ САУ ҰЛТТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ШАРТЫ» АТТЫ БАСТАМАСЫНДА ІШІМДІКСІЗ ҚОҒАМ ҚҰРУ АРҚЫЛЫ ДЕНІ САУ, ҚАУІПСІЗ ЖӘНЕ БАҚЫТТЫ, САЛАУАТТЫ ЕЛ БОЛАМЫЗ ДЕГЕН ЕДІ. «ІШІМДІК – ҚОҒАМ ҚАСІРЕТІ» ДЕСЕК ТЕ, «АЩЫ СУДЫҢ» САЛДАРЫНАН ЕЛІМІЗДЕ ҚАНШАМА ОТБАСЫ БҰЗЫЛЫП, ҚАНША АДАМ ЖАНТӘСІЛІМ ЕТІП, ҚАНШАСЫ ТЕМІР ТОРҒА ТОҒЫТЫЛСА ДА ОНЫ ТҰТЫНУШЫЛАРҒА САБАҚ БОЛМАЙ КЕЛЕДІ.
Аудандық орталық аурухананың нарколог-психиатр дәрігері Мұрат Ораховтың айтуынша, ауданда алкогольге тәуелді 186 адам тіркеуде тұр, оның 16-сы – әйел адам.
– Ішімдікке әуестену, жүйелі түрде шамадан тыс тұтыну мен тәуелділік секілді үш басты белгі арқылы көрінетін созылмалы ауру маскүнемдік деп аталады. Адам денсаулығына ішімдіктің барлық түрі зиянды. Ішімдік ішу жүрек-қантамыры ауруларының дамуына ықпал етіп, оның ішінде бауыр, бүйрек, ми мен ішектің қатерлі ауруын тудырады. Денеде алкоголь уытты ми жасушаларына әсер етеді, мидың биологиялық процестерін өзгертеді, денені энергиямен қамтамасыз етіп, орталық жүйке жүйесінің жұмысын баяулатады, оның тиімділігін төмендетеді, анестетик ретінде әрекет етеді. Жүкті әйелдердің ішімдік ішуі туылмаған баланың денсаулығына қауіпті. Яғни өмір бойы сақталатын психикалық, физикалық ақаулар бо - луы мүмкін. Біздің адамдарды осы қауіптен қорғау, ішімдік салдары және оның дамуы туралы ақпараттың қолжетімдігі мен таралуына ықпал етіп, дені сау адамдарға спирттік сусын ішудің қатерін түсіндіріп, жаңадан ішуді бастап келе жатқандарға дер кезінде тоқтату қажеттігін үнемі айтып келеміз. Адам өмірінде әртүрлі оқиғалар, жағдайлар болады, оларға әртүрлі уақытта қорғаныс және қауіп факторлары ықпал етуі мүмкін. Алайда адам санасында ішімдіктің проблемаларды шешу құралы еместігі туралы түсінік қалыптасуы керек. Жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың және басқа да жағымсыз әдеттердің алдын алу мақсатында аудан мектептерінде, колледжде нашақорлық, маскүнемдік, лудомания, зорлық-зомбылық, вейптен сақтану, суицид тақырыптарында кездесу, «дөңгелек үстел» өткізіліп тұрады. Ауруханада алкогольдік ішімдікпен немесе есірткімен уланған адамдарды ауыр жағдайдан шығару бағытында (детоксикациялау) 1 кереует қарастырылған. Осы кереует арқылы өткен жылы 21 адам көмек алса, биылғы төрт айда 6 адамға көмек көрсетілді. Бұлардың ішінде есірткімен уланғандар тіркелген жоқ, – дейді аудандық аурухананың нарколог-психиатр дәрігері Мұрат Хамитұлы.
Дәрігерлер алкогольдік өнімнің зияндылығын үнемі айтып келеді. Алайда аудандағы азық-түлік дүкендерінде арақ сатылатыны аздай, алкомар - кеттер де жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келеді. Айналып келгенде осыдан қоғамдағы күрмеулі мәселе туындап отыр. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің ұсынған ақпаратына сүйенсек, ауданда 8 алкомаркет бар. Барлығы да Индербор кентінде орналасқан.
Қазақстанда алкоголь және шылым шегуге қатысты құқықтық шектеулер күшейтілуде. Бұл шаралар, ең алдымен жастарды қорғауға және жалпы қоғамда зиянды әдеттерді азайтуға бағытталған. Қоғамдық орындарда қылмыс пен құқық бұзушылық жағдайларының көпшілігі біз айтып отырған «ащы судың» кесірінен болатыны белгілі. Тәртіпті қадағалайтын полиция қызметкерлері де жыл басынан бері ауданда құқық бұзушылықтардың санын азайту мақсатында алкомаркеттерге түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді және қоғамдық орындарда мас күйде болу фактілерінің жолын кесу полицияның өзекті міндеттерінің бірі деп есептейді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес, алкогольді кез келген жерде 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға болмайды. Егер сатушы сатып алушының рұқсат етілген жасқа жетуіне күмәнданса, ол одан жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге міндетті. Егер сатып алушыда мұндай құжат болмаса, сатушы оны сатудан бас тартуы керек. Заң тұрғысынан айтар болсақ, Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 440 бабында көрсетілгендей көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді сатуға жергілікті атқарушы орган рұқсат берген сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа, алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде жүргені үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
18-ге толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі. Егер азамат бірінші рет ұсталған жағдайда 18 465 теңге айыппұл салынады, екінші рет ұсталса 10 күнге әкімшілік қамаққа алынып, үш ай есепте тұрады. Және әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын бол- дырмау, жасөспірімдердің денсаулығын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудан аумағында «Алкогольсіз күн» жедел- профилактикалық іс-шарасы өтті. Іс-шара аясында сауда нысандарына рейдтік жұмыстар жүргізіліп, алкоголь өнімдерін сату ережелерін сақтау, әсіресе кәмелетке толмағандарға сату бойынша заң талаптарын түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері ауыл саудагерлері мен тұрғындарына ҚР заңнамасына сәйкес, алкогольді ересек адамдарға да белгіленген тәртіппен сату керектігі, ал кәмелетке толмағандарға мүлде тыйым салынатыны туралы ескертіп, мұндай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірді. Ішімдіктің салдарынан қаншама отбасының ыдырап, балаларға да кесірін тигізіп, әлімжеттіктің арты қылмысқа апаратындығын білеміз. Қоғамдық орындарда мас күйде болу – бұл әдептілік пен қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналады. Ішімдік тек бір адамның өзіне ғана емес, оның отбасы мүшелеріне, жалпы қоғамға кесірін тигізеді.
«Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, болашағымыз үшін кесел саналатын арақтан бас тартсақ, ұрпағымызды үлкен қатерден сақтап қала аламыз.
Демек, бүгінгі таңда алдымен қазақ азаматы арақ-шараптан алыс болуы тиіс. Арақтан алыс жүрген адамның отбасы тыныш, ырысы халал, ұрпағы аман, ақылы толық, иманы берік болары хақ.
Жадыра НАРИМАНОВА
Индер ауданы