Абай әлеміне ғашық болған Анастасия

Ұлы ақын Абайдың өлеңдерін жан-дүниесімен беріліп, сыбызғыдай сызылып жырлайтын Жамбыл атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Анастасия Геннадьевна қазақ тілінде мақалдатып, мәнді сөйлегенде қатарластарын шаң қаптырады.

Нағашы әжесі Людмила Георгиевнаның тәрбиесінде болғандықтан қазақ тіліне деген құлшынысы бүлдіршін кезінде басталған. Орыс сыныбында білім алып, қазақ балаларымен дос болған ол ең алдымен өз талпынысының, екіншіден әжесінің қолдауының арқасында қазақ тілін жақсы меңгеріп алыпты.

-Біріншіден, Қазақстанда тұрғандықтан әжем қашанда қазақ тілін үйренуге баулып келсе, екіншіден мектептегі сабақ берген мұғалімдер мен достарым мемлекеттік тілді үйренуіме көмектесті,-дейді ол.

Кейіпкеріміз Анастасия сабақтан бос уақытында Абай әлеміне ғашық болып, ақын кітаптарымен сусындаса, кейде сурет салып, қала берді әжесі мен анасының қасында болып бау-бақша қарағанды ұнатады.

-Абай мұрасын түсініп, түйсініп оқимын. Оның сөз астарындағы мазмұны мен мағынасына жіті көңіл бөлемін. Қолым қалт еткенде қарасөздерін оқып шығамын. Одан бөлек, Мұқағали ақынның лирикалық өлеңдері жаныма жігер, бойыма қуат береді. Мен қазақ тілін Қазақстанның әрбір азаматы білуі тиіс деп ойлаймын. Себебі, бір Отанды мекен еткен біздердің түптамырымыз бөлек болса да, болашаққа деген арман-мақсаттарымыз, келешектен күтеріміз бір. Сондықтан біз, өзге ұлт өкілдері, қилы кезеңдерде қолдаған қазақ ұлтының ана тіліне құрметпен қарау парызымыз деп білемін,-дейді әңгімесін жалғай түсіп.

Қазақта «Жаста берген тәрбие, жас қайыңды игенмен бірдей» деген сөз бар. Міне, жасынан қазақ тілін бойына сіңіріп өскен Анастасия мектепішілік, аудандық олимпиадаларға қазақ тілі пәні бойынша қатысып, жүлделі орынды еншілесе, өткен жылы облыстық «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» атты сурет байқауында Алғыс хатпен марапатталыпты. Осы орайда тіл байқауларына кейіпкерімізді баптап, бәйгеге қосып жүрген мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мереке Орынбасарқызының да еңбегі зор. Кейіпкеріміздің қос бауыры Александра мен Игорь да қазақ тілін жақсы меңгерген.

Отбасында әжесі, анасы Елена Бугрова және бауырларымен бірге тұратын Анастасия қашанда қазақ тіліне құрметпен қарайды.

Диас АЙБАР

Есбол ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521