Индерлік көп балалы отбасы, жалғызбасты ана Гүлайым Құрбақова баспаналы болды.
Оның тұрмыс жағдайына байланысты ауылдан ауданға қоныс аударғанына он бес жыл болыпты. Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауылының тұрғыны осыдан жиырма жыл бұрын отағасынан айырылған соң, балаларын асырау үшін ауданға жұмыс жасауға келіпті.
Алғашқыда «Арал» мейрамханасында ыдыс, кейін колледжде еден жуып, содан көше сыпырып, үй жалдап жүріпті. Жеке баспанасы болмағандықтан, біреудің жазғы сарайын ұзақ жыл бастапқыда 5 мыңға, кейін 10-15 мыңға дейін жалдаған. Өзінің еңбекпен тапқан нәпақасын пәтерге одан қалды балаларына жұмсайтын анаға бұл қиынға түскендіктен, кенттегі Бейбітшілік көшесіндегі екі қабатты ескі жатақхананың бір бөлмесіне орналасқан.
Сол жылдары да бойжеткен қыздары колледжге оқуға түсіп, аналарының жанында болыпты. Жаздың аптап ыстығында, қыстың сықырлаған аязында кішкентай бөлмені паналап жүрген отбасы суды сырттан тасып ішіп, тамақты ток плиткіге пісіріп келген.
-Қазір қасымда қыздарым мен жиендерім бар. Бәріміз жанағы жатақханада тұрып келдік. Ол да қыста салқын, жазда ыстық. Ескі үй болғандықтан, есікті ашып қалсаң болды, маса, шыбын-шіркей толып кетеді. Сондықтан үйдің ішіне масахана құрып отырамыз. Таяуда ток көздерінен ақау шығып осы қайырымды жандардың арқасында жарық іске қосылды,-дейді көзіне жас алған ана.
Айталық, қайырымдылық эстафетасынан екі ай ішінде бірінші Алланың, екінші халықтың арқасында 1 миллион 400 мың теңгеге жуық қаражат жиналған. Оған осы баспанаға мұқтаж отбасына Елтай ауылынан алып берген екі қабатты үйдің 3 бөлмелі пәтерімен қоса 2 сарайы, 1 гаражы, 1 моншасы бар. Ал жиналған қалған қаражатқа үйдің сыртқы есігі мен су жаңа газ плита алынған екен.
«Әлеуметтік желілерге шығып, баспанамен көмектесуді сұраған сәтте, осы жаны жомарт азаматтар үйімізге келіп, хал-жағдайымызды сұрап кеткен сәтте пәтер аламыз деп ойламадық. Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Мен шексіз разымын, шын жүректен алғысымды айтамын,-дейді Гүлайым Құсайынқызы.
Диас АЙБАР