Индерлік балуандар Ресейдің Самара қаласында өткен халықаралық турнирден жүлделі оралды.
Аудан намысын ту етіп барған жеті жерлесіміз алтынды ала алмай, үшеуі ғана күміс медальдың иегері атанды. Жалпы бұл турнирге жерлестерімізбен бірге Қазақстанның Орал қаласынан және Татарстан, Башқұртстан, Болгария, Дағыстан, Шешенстанның балуандары қатысты.
Бұл жөнінде жарсуаттық бапкер Дархан Ерсайынұлы: –Ресейліктердің жас шәкірттері өте сауатты өнер көрсетті. Қарсыластарының ешбірі осал емес. Дегенменде біздің балуандар да аянып қалған жоқ, - дейді әңгімесінде.
Жарыс кезінде 22,46 салмақтарда жарсуаттық жас балуан Бекнұр Қойшыбаев пен индерлік Жалғас Сансызбаев финалдық кездесуде соққы алып, екінші орынды иеленіп, күміс жүлдені қанжығаларына байлады. Ал аса ауыр 100 кг салмақта жарсуаттық балуан Ерасыл Ерғанашов қарсыластарын қапыда қалдырып, екіншіге тұрақтады.
Турнирге бастап барған бапкерлер бөденелік Нұрбек Аманов, индерлік Салауат Қыраубаев, жарсуаттық Дархан Ізмұханов осындай алыс жолға шығуларына көмектескен аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мәлік Биғамбаев пен ата-аналарына алғыстарын білдірді.
Диас АЙБАР.