Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында парадзюдодан Азия чемпионатында топ жарған атыраулық спортшыларды жанкүйерлер мен спорт саласының мамандары ыстық ықыласпен күтіп алды. Чемпиондарды қолдауға облыстық туризм және спорт және басқармасының өкілдері, бапкерлер мен туыстары келіп, гүл шоқтарын ұсынып, олардың жеңісімен құттықтады.
7-8 қараша күндері аралығында өткен Азия чемпионатында J1 және J2 санаттары бойынша 16 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Бұл сынға 9 мемлекеттен үздік спортшылар қатысып, бақ сынады.
Жарыс нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 7 алтын, 3 күміс, 4 қола жүлдеге ие болып, жеңімпаз атанды.

Иран – 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен II орынға табан тіресе, Индонезия – 2 алтын, 3 қоламен III орынға қол жеткізді.
Екі жылдан кейін елорда төрінде ұйымдастырылған сары құрлық додасында Қазақстан құрамасы атынан 22 спортшы татамиге шықты. Солардың қатарында атыраулық парадзюдошылар да бар.
52 келі салмақта сынға түскен Альфия Тілекқабыл екінші мәрте Азия чемпионы атанды. Ал 81 келі салмақта Ғалымжан Смағұлұлы да қарсыластарына дес бермей, алтын жүлдені жеңіп алды. Шүкірбеков Жұрқамырза +95 келі салмақта чемпион атанса, Ерлан Өтепов дәл осы салмақта қола медальға қол жеткізді.
Атыраулық спортшылардың бұл жетістігі – облыс спортындағы үлкен жеңіс пен жүйелі еңбектің жемісі. Олар тек ел намысын қорғап қана қоймай, өңір жастарына жігер мен сенім сыйлады.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Георгий ШАПОШНИКОВ

