Ұйым да, жиын да көп, алайда, олардың сөзін кім тыңдайды?

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтіп, оған облыстық, аудандық, ауылдық округтердегі Кеңес төрағалары мен мүшелері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Кеңес отырысын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мурзин ашып жүргізіп, алдымен денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды қолдану, медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырудың жолы жөнінде аудандық аурухананың бас дәрігері А.Доспаева хабарлама жасады.  

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы «Адами капитал - жаңғыру негізі» атты жетінші бөлімдегі міндеттерді жүзеге асыруда біраз жұмыс қолға алынған. Айталық, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін жаңа технологияларды қолдану бағытында цифрлы флюрографиялық, рентгендиагностикалық, биохимиялық, гемотологиялық, ультрадыбысты қондырғыларда мамандар жұмыс атқарып, жүрек-қан тамырлары ауруының алдын алуда облыстық кардиологиялық орталықпен тікелей байланыстағы «Юкард» ЭКГ қондырғысы және телемедицина жүйесімен жабдықталған. Өңірде денсаулық сақтау саласының бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін 18 участогі мен басқа да салаға қатысты бөлімдер толық компьютермен қамтамасыз етілген. Ал аудандық емхана оптика талшықты локальды жүйе мен басқа емдеу сауықтыру мекемелері интернет жүйесімен қамтылған.

Денсаулық саласы 17 ақпараттық жүйемен жұмыс атқарады. Ақпараттық жүйелерді біріктіру бағытында тұрғындарды бекіту порталы ауруханалық, амбулаториялық, дәрі-дәрмек жүйесімен біріктіріліп, өткен жылдың төртінші тоқсанында «Казмед» ақпараттық жүйесі орнатылып, емхана қабылдау кабинеттері флюрография, рентген, ултродыбысты зерттеу және зертханамен бір жүйеге біріктіріліп, өзге де игі жұмыстар қолға алынған. 

Сонымен қатар аудан әкімі жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы жөнінде оның төрағасы С.Жұқиев баяндады. 

-Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің 13 мүшесі бар. Олар 2- ардагерлер ұйымынан, 10 –ы әртүрлі мекеме, кәсіпорын басшылары, 1-і «Тағылым - Индер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Аудандағы 7 округте де қоғамдық келісім кеңестері құрылған. Қоғамдық келісім кеңестері өз жұмысын Ережеге сай өткізеді. Кеңестің негізгі міндеті - Елбасының Жолдауларын, үндеулерін, бағдарламалық мақалаларын қолдай отырып, халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қоғамдық бақылау механизмі ретінде қызмет ету, қоғамдық мәселелерді шешуге мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен, мекеме, кәсіпорындармен, медиация кабинеттерімен өзара байланыста жұмыс істеу, т.с.с. Өткен жылдар Мемлекет басшысы  Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жанғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған шараларды орындаулармен өтті,- дей келе кеңес атқарған келелі істерді тізбеледі.

Ал облыстық қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары А.Әміржанұлы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтудағы кеңестің рөлі жөнінде айтып өтсе, Махамбет ауданының қоғамдық келісім Кеңесінің мүшесі, «Қоғамдық келісім» КММ бойынша сарапшысы А.Құрманбаев Махамбет ауданының қоғамдық келісім кеңесінің жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Отырыста аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Ө.Оразғалиев: "Соңғы кездері қоғамдық ұйымдардың қаптап кеткенін, оның бірін-бірі қайталап кетуі мүмкін бе?" деген сауалымен қатар, "олар қараған істен қорытынды шыға ма?" деген ойын да жеткізді.

Өзекті мәселені көтерген Елтай ауылдық округіндегі Кеңес төрағасы Т.Темірболатов: - Заң орындары жұмыс жасамайды. Бұрын біз талай көмекке зәру жандарға қолұшын созғанбыз. Ал қазір олай емес. Кеңес беруден қашады бәрі, - деп азаматтарға жәрдем беру үшін жұмыстың жүйелі болуын сынға алса, зейнеткер С.Ғалым аурухананың қандай қызмет көрсететінін, заманауи технологияларын газет бетінде жарияласа деген ойымен бөлісті.

Кеңес жұмысын қорытындылаған Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ бастығы Ж.Досқалиева отырыс барысында қойылған сұрақтарға жауап бере келе, мұның басқа бірлестіктер жұмысын қайталамайтынын, қайта қоғамдағы болып жатқан түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуге атсалысу қажеттігін, халықпен жиі кездесіп, қоғамдық қабылдауларды өткізуді жолға қою сынды ұсыныстарды жергілікті кеңес назарына салды.

 

Ж.ИСЛАМҒАЛИЕВ.   

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT