Жақында Атырау қаласында Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, күміс көмей әнші, сазгер Ғарифолла Құрманғалиевтың 110 жылдығына арналған «Ақ Жайықтан ән оздырған» атты Республикалық әншілер байқауы өтті.Тұңғыш рет мұнайлы мекен Атырау елінде ұйымдастырылып отырған бұл шараға Астана, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды қалаларынан барлығы 37 дәстүрлі әнші қатысып, бақтарын сынады.
Үш күнге созылған байқауда бағы мен бабы қатар шапқан бөденелік жерлесіміз, Бөдене орта мектебінің түлегі Жанаргүл Саркенованың асығы алшысынан түсіп, атаулы байқаудың II орынын иеленді.
Еске сала кетейік, Жанаргүл Құттыбекқызы 2009 жылы Ғ.Құрманғалиевтың 100 жылдығына арналған аймақтық-республикалық әншілер сайысында ІІ орын және «Шайқы» атындагы жүлденің иегері атанды. Бүгінде ол Ж.Елебеков атындағы РЭЦК Қазақ КСР Халық әртісі, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің мектебін жалғастырушы, «Батыс» әншілік мектебі бойынша ұстаздық етеді.
Диас АЙБАР.