Жақында жаңа мәдениет үйінде қазақтың қара домбырасының үнін әуелетіп, киелі өнердің сахнасында жүрген Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрованың ән кеші өтті.
Өнер иесі сахнаға шығып, қазақтың қара домбырасын күмбірлеткен кезде тыңдармандары орыс қызын емін жарқын қарсы алып, әсем әндерін ерекше құрметпен тыңдады.
Татьяна Бурмистрова өз сөзінде негізгі мамандығы дәрігер болса да өнерді жанына серік етіп, ұлттық дәстүрді дәріптеп жүргенін жеткізді. Өнер иесінің, әсіресе «Анашым», «Әкелерге арналған», «Тағдырыммен бетпе-бет», «Келінжан» сынды әндерді асқақтатқанда көрермендердің ыстық қошеметі ерекше әсерге бөледі. Айтулы кеште өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген сіңлісі Ботакөз Анарова апасының ырғақты домбырасына қосылып «Аяулы қарындасым», «Мен қазақтың қызымын», «Ақ тамақ» секілді әндерді көрерменнің жүрегіне жеткізе білді.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев өңір жұртшылығына сыйлаған рухани әдемі кеш үшін ризашылығын арнап, аудан әкімі атынан арнайы Алғыс хат пен гүл шоқтарын табыстап, иығына камзол жапты.
Гүлалия ИГІЛІКОВА.