ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда қаз өсіру шаруашылығын насихаттаған алғашқы халықаралық этномәдени фестиваль өтті.
«Auyl Fest. Қаз шаруашылығы» фестивалі Петропавлдағы Н.Погодин атындағы драма театрының алдында ашылып, бұл жерде ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі, облыстың тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. Сондай-ақ Татарстаннан келген қонақтар ұлттық тағамдардың көрмесін ұйымдастырды.
Фестивальге келгендер Мажарстан, Татарстан, Башқұртстаннан және Петропавл мен Алматы қалалары аспаздарының өнерін тамашалап, қаз етінен жасалған тағамдардың дәмін татты. Ветеринарлық препараттар, премикстер және құс мамығынан жасалған бұйымдардың көрмесі де өтті.
Ал, Қазақстанда құс шаруашылығын дамытуға қатысты ұйымдастырылған форумге 600-ге жуық адам жиналып, мамандардың пікірін білді, кеңес алды, тәжірибе жинады.
– Ел тарихында болмаған фестиваль бүгін Петропавлда өтіп жатыр. Неліктен қаз шаруашылығы деген заңды сұрақ туындайды? Бұл облыста ғана емес, жалпы Қазақстанның солтүстігінде – Ақмола, Қостанай, Павлодар өңірлерінде ауыл халқының көші-қоны жоғары. Президенттің тапсырмасымен халықты жұмыспен қамту арқылы елді мекендерде ұстап қалу керек. Ол үшін не керек, әрине, жағдай жасалып, жоғары табысы болуы қажет, сол кезде ол ешқайда кетпейді. Сондықтан біз бизнестің қай түрі өзекті болатынын сараптап, қаз шаруашылығына тоқтадық.
Қаз тез жетіледі, яғни нәтижеге жарты жылдан кейін қол жеткізуге болады. Жаз бойы өсіп-жетіледі. Күзде, қар түсісімен сойып, желтоқсанда саудаға шығарады. Қаз шаруашылығының тиімділігіне көзіміз жетті, - дейді «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуған.
Былтыр Ақмола облысы Аққөл ауданында тәжірибе ретінде жоба қолға алынған. Қаз өсіруге 20 адам өтініш етсе, соның ішінен бесеуінің әрқайсысына 160-тан тегін қаз балапаны берілген.
– Ауыл тұрғындары несие ала алмайды. Өйткені оның кепілге қоятын дүниесі жоқ немесе әлі жабылмаған несиесі бар. Сондықтан біз инвестор таптық, ол шаруаға қаз балапанын, жемін және қажетті медпрепараттарын алып беріп, келісімге отырады. Күзде ауыл тұрғыны 4,5 айдан кейін ол бізге 25% немесе 156 кг қаз етін, яғни 40 қазды қайтарады. Қалғанын өзіне алып қалады. Былтыр осы жобаға қатысушылар 4,5 айдың ішінде орта есеппен 1-1,2 млн теңге ақша тапты. Биыл тағы қатысуға ниет етіп отыр және 500-1000 балапан алып өсіруді жоспарлаған. Қаз шаруашылығының болашағы зор және оны еліміздің солтүстігінде дамыту керек. Мұнда қаз өсіруге қолайлы жағдайбар, нәтижесінде қаз еті де, майы да пайдалы, - дейді Қайрат Айтуған.
Ал Петропавлдың орталық алаңында этно-фольклорлық ансамбльдердің қатысуымен концерт өтті, спорттық ойындар ойнатылды.
Соның ішінде ең қызығы алғаш рет ұйымдастырылған қаздардың жарысы болды.
20 қаз арнайы жасалған жолға жіберіліп, жарыс басталып кетті.
– Жарыс олимпиадалық жүйемен өтеді. Кім бірінші келеді, сол жеңімпаз. Қаздың иелеріне оларды ақырын қуып отыруға болады. Ал жеңімпаздарға ақшалай сыйлық бар, - дейді жарысқа қазылық еткен Мақсат Артық.
Бұған дейін СҚО-да жыл басынан бері 35 адам Қазақстан азаматтығын алғанын жазған едік.