«Жазушылық дегеніміз ол-шындыққа жүгіну, ал әдебиет дегеніміз – сол шындықты шырақ алып іздеудің бір формасы» деп басы ноқтаға сыймас терең ұғымды қалыптастырған, өзі соған қашанда жетуге ұмтылған қазақтың дарынды ұлы Оралхан Бөкей оқуынан өткен жылы алған әсерден әлі де арыла алмай жүргендейміз.
Әрине, ол әсерді биылы өткен көркемсөз оқушылардың аудандық сайысы толықтыра түсті деуге келмейді. Десек те сахнада көрсетілген «Өр Алтайдың асқақ жыршысы» атты бейнебаянды толықтыра түскен осы кешті жүргізген өнерпаз Бақберген Болатұлы болды.
Ол басты мақсат етіп-халқына адал қызмет етуді таңдап алып, өзін-өзі тәрбиелеу, өз бетінше білім алу, ізденімпаздығымен шындық пен образдар қосуын, түнеп жатқан қабілеті мен талантына баршасы бас иген тұлғаны, әдебиетсүюші қауым, зерттеушілер, қаламдас достары «Кербұғы», «Мұзбалақ», «Өр Алтайдың күмбезі» деген атаулар беріп, биікке көтерген тұлғасын танытып, бейнесін барынша аша түсуге үлес қосты.
Сайысқа қатынасушылар болса сахнада өзіндік үндерімен өмірінің соңына дейін журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрген қоғам өмірінің өзекті мәселелері, ар мен азаматтық алдындағы жауапкершілік, рух тазалығы, жаратылыс пен адам арасындағы қарым-қатынас, жалпы адам проблемасын публицистикалық сарында ұқтырған шығармаларын көрерменге жеткізуге ұмтылды.
Соңында қазылар алқасының төрағасы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева шараны қорытындылап, бірінші орынды Жарсуаттан келген Лашын Нүркенқызы жеңіп алғанын жария етіп, арнайы байрақты табыстады. Одан кейінгі орындарға Шынар Үржімбаева, Ару Қайырғалиева, Аңсар Сағидуллин, Дилнәз Сүндетова орналасты. Кейін Лашын Нүркенқызы облысқа аттанып, екінші орын алды.
Сонымен қатар бөлім басшысы ауылдардағы мәдениет үйлері мамандарын болашақта тұрақты өтіп тұратын «Оралхан Бөкей оқуларына» үміткерлерді барынша ерте анықтап, дайындап, облыстық, республикалық сайыстарда ерекшеленуіне ерекше үн қосуға шақырды.
Біз де бұл намысты азаматтың: «Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырады. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын-жазушылар жоқ. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Мен мақсатыма жетемін деп сенемін», - деген ұстанымына үн қосып, оның лайықты талантты ізбасарларын дайындайық дегенді жеткізгіміз келеді.
С.ХАЛЫҚОВ.