Соңғы жылдары Бөдене ауылында жолдары жаңарып, мектебі күрделі жөндеуден өтіп тұрғындарды бір қуантса, сәулетті амбулатория мен боздақтарға ескерткіш тұрғызылып еңсені тағы бір көтеріп тастады.
Енді мәдениет үйі мен балабақша кезекте тұр, басқада келелі жоспарлар аз емес.
Қысқасы бұл ғимараттар ауыл көркін ашып қоймайды, тұрғындардың арасынан көптеген жанға жұмыс орындары ашылып, ауылдағы жастардың қалаға емес, ауылға тұрақтап, тұрмыстың оңала түсуіне оң ықпалын тигізбекші.
Осы тұрмыстың оңала түскенінің куәсіндей, ауылдың орталығындағы ескі кеңсе үйі сатып алынып, оған күрделі жөндеу жұмыстары жүріп, бірқатар арнайы орны жоқ қызмет көрсетуші мекемелерге беріліпті.
Ал осы қатарда ауылда руханият орталығы ашылған. Мұнда Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында қойылған еңселі міндеттер мен талаптар түсіндірілетін көрнекілер жинақталған, ауылдың өсу-өркендеуі көрсеткіштеріне жеке бір бөлме жасақталған.
Өз алдына бір бөлме Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, танымал суретші әрі ақын Тілек Халинге арнайы берілгені де талантты тұлғаға деген көзқарасты, қолдауды танытқандай әсер қалдырды.
Жасыратыны жоқ, ауылда баратын жер жоқ деп ауызды қу шөппен сүртіп жатамыз кейде. Ол ондай жерді даладан біреу келіп жасап бермесі тағы анық. Сондықтан да ауыл суретшісінің 200-ден аса суретінің бір бөлегін қоюға, яғни қалың жұрттың көруіне жағдай жасалуы құптарлық қадам.
Шағын орынның қабырғалары мен ортасына қойылған 30-дан аса тарихи, туған жер, ауыл табиғатына арналған туындылар галереясы, шынында көз тартады.
Өзін қоршаған туған жердің сұлу табиғатына оңашада, жоқ іздегенде болмаса әншейінде тұрғындардың айналасына оған көз тоқтата қарауы да екіталай ғой. Ал оның сұлулығын жүрегімен ұққан Тілек ағамыз «Сарайда», «Қарасу басында», «Өрік гүлдегенде», «Жазды еске алу», «Мамыр көгалы», «Нұрлыбек», «Алтын күз», «Табиғат симфониясы», «Дала философиясы», тағы басқа тақырыптар бойынша ашып, әсерін кенепке майлы бояумен салып, онысы галереяның төрінде мен-мұндалап тұрғаны көңілге қонымды, тіпті ыстық.
Осындай жүрекке тым жақын тақырыптағы тарихи суреттер де мұнда аз емес. Бәріміз мектеп партасында оқулықтардан тамашалаған батырлардың «Жекпе-жегі», «Жорық. Махамбет», «Көкпар», «Ата-баба жері үшін», «Ұлы қобыз сарыны», «Қапы дүние Махамбет», «Домбыра туралы аңыз» атты туындыларының да сырын ашып, әр құнды жәдігерді ойға оралтып, толғауы тоқсан тарихқа тағзым етіп, санаға құюы да жарасымды.
Ал оларға бүгінгі доп тепкен жас пен оқушы, мұғалім, дәрігер ғана емес, ақылман аға буын, мал, шаруа баққан, табыс қуып жан ұшырған жандар бір мезет уақыт тауып үңілсе, алыстан ат арытып, туған жерін сағынып оралған перзенттер сырласып, сырын ұғына түссе рухани сілкінудің, жаңарудың өзі сол емес пе?!
Осы ортаны аудан әкімі бастаған Парламент Мәжілісі депутаттарының өздерімен бірге келіп көріп, таң-тамаша болғанда, бұл орынның аурасын сезініп, өнер ордасы саналатын Астана, Алматыдан алыста жатқан Жайық бойындағы қарапайым ауылда осындай биік көркемөнерге деген құлшыныстың биіктігін аңғарту аз жетістік еместігі айқын біліне түсті.
«Даналар ауылда өсіп, қалада өледі» деген жаттанды, пендеуи тірлікке кереғар көрініс емес пе мұның өзі?!
- Менің суреттерім ғана емес, мұнда барша индерлік жерлестерімнің, тіпті шәкірттерімнің суреттері осы орында көптеп тұрса деймін. Шәкірттерім жан-жақта оқып, еңбек етіп жүргені қанша ма?! Олардың еңбектерін ол жақта кім біледі, кім бағалайды? Тіпті кім сатып алады?-деп өзімізге сауал тосады Тілек ағамыз соңғы салып жатқан «Күлтөбе» атты суретінің жанында тұрып.
-Тіпті ауыл мен аудандағы мектептердегі бейнелеу өнерінен шәкірттерге дәріс оқитын мұғалімдерге де пайдалы орын ғой бұл. Мұнда бояудың сырына қанығып, сурет әліппесін ашып, қыл қаламның қасиетін тануға болмай ма?!-деп біз де суретшінің тілегін қостаймыз.
-Мына «Махаббат дастаны Төлеген» деген суретімді салып жатып, кейіпкерімнің өмірден өткенін естіп ерекше тебіреніп кеттім,-дейді одан әрі суретші қабырғадағы үлкен полотносына қарап тұрып, ішкі толғанысын жасыра алмай.
Біз болсақ Индербор мен Жарсуаттағы, Көктоғай, Елтайдағы мұражайлар да, әр ауылдағы мәдениет үйлеріндегі және кітапханалар да шын мәнінде тек мәдени жұмыстар, билеу, ән айтудың ошағы ғана емес, барлығы да бірігіп, әр адам санасына руханият дәнін құятын кешенді орталық деп сезінетін де кезең туғанын ұға түскендейміз.
Ендеше, ауылдағы галереяның ауқымы кеңейіп, көрермені көбейе бергей!
С.ХАЛЫҚОВ.
Бөдене ауылы.