Жерлестеріміз «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасынан жеңіспен оралды

Индерліктер жеңіс тұғырында ауданымыздың атынан «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасына қатысқан Милана Николаенко мен Қайырбек Кенжеалиев жеңіспен оралды.

Облыстан оза шапқан қос жерлесіміз республикалық жобада да мықтылықтарын дәлелдей алды.

«Өнер алды – қызыл тіл» номинациясы бойынша қатысқан Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 9 орыс сынып оқушысы Милана Николаенко (жетекшісі Ардақ Шаймарданова) І орынға ие болып, бағалы сыйлықпен марапатталса, Қайырбек Кенжеалиев «Тіл мектебі» авторлық бағдарламалар жасақтау номинациясы бойынша І орынға ие болып, еңбегі республикалық жинаққа енді. Аталған жобаның мақсаты – этнос жастарына мемлекеттік тілді үйрету арқылы олардың бойына қоғамның рухани негізі болып табылатын ұлттық құндылықтарды сіңіруді, қазақстандық бірегейліктің азаматтық қағидаттарын қалыптастыру. Қуанышты жаңалықты ести сала Қайырбек Кенжеалиевке хабарласқанымызда, ол:

– Республика көлемінде өткендіктен, мұғалім ретінде басқа әріптестеріммен тәжірибе алмастым. Білім беруде қолданатын әдіс-тәсілдерді меңгердім. Сонымен қатар, жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын,- деді. Ал, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ардақ Шаймарданова оқушысының жетістігі біз үшін әрқашан маңызды дейді.

mbt

– Соңғы 4-5 жылдықта ұйымдастырылып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының берер пайдасы өте көп. Өйткені, өзге ұлт өкілдерінің арасында өткізіліп отырған байқау олардың мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылын арттырады және ана тілімізді дұрыс біле бермейтін қандастарымызға үлгі болады деп ойлаймын. Алғашында жоба туралы облыста барлық оқушылар мен жетекшілердің басын қосқан семинар өтті. ZOOM платформасы арқылы қатысып, қандай міндеттер жүктелген, не дайындау керекпіз деген сауалдарға толық ақпарат алдық. Аталмыш байқауға сол күннен бастап дайындыққа кірісіп кеттік.

Тәуелсіздік туралы үздік өлеңдерді қарап отырып, ішінен Қалқаман Сариннің «Тәуелсіздік» атты өлеңін таңдап алдық. Осы өлеңге Асылбек Еңсеповтің «Детство» күйін фон сүйемелдеуіне қойып, оқушымызбен дайындалдық. Милана өзге ұлт өкілі болса да қазақ тілін жақсы меңгерген. ZOOM платформасында өткен облыстық сайысқа 40-қа жуық оқушы қатысып, оқушым республикаға жолдама алды. Жоба үлкен шығармашылық шабыт берді, белестерді бағындыруымызға септігін тигізді. Осындай жобалар бола берсін,- дейді ол қуанышты кейіппен.

Марапаттау шарасы Нұр-Сұлтан қаласындағы Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында өткізілгенін айта кетейік.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521