АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – халықаралық ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні. Ал Қазақстанда қазір ғылыммен 12 мыңға жуық әйел ғылыми қызметкер айналысады. Соның бірі - жасанды интеллектінің көмегімен ым тілін қазақшалау жобасын қолға алған ғалым Нұрзада Амангелді.
Ол үшін өткен жыл жемісті болды. Атап айтсақ, 12 сәуірде Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды, 25 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
- Моңғолия елінің тумасымын, 1993 жылы әкем отбасымен алғаш көшпен елге келді. Әкем - Алматыдағы Абай педагогикалық институтының түлегі, мұғалім, Моңғолияда жүріп Қазақстаннан грант алып, жоғары білімді елде алды. Әкемнің арманы – отбасымен Отанға оралу, қызмет ету болды, қазір сол арманына жетті деп ойлаймын.
Павлодар облысы Майқарағай ауылына көшіп келдік, сол ауылда орта білім алдым. 2002 жылы Павлодар мемлекеттік университетіне «информатика» мамандығына грантқа түстім. Топта жалғыз студент болғандықтан, Астанаға Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне мамандығым бойынша ауыстым. Жоғары білімді алған соң магистратурада жалғастырдым, 2007 жылдан бастап ғылым саласына келдім десем болады. Арасында Павлодарда қызмет етіп келдім, 2019 жылы Еуразия ұлттық университетіне оралдым, докторантураға түстім, сол жылдан бастап ғылыммен терең айналыса бастадым, - деді Нұрзада Амангелді сұхбат бере отырып.
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жасанды интеллект кафедрасының зерттеушісі қолға алған тақырып - есту, сөйлеу қабілеті нашар жандарды қоғамға бейімдеу, яғни олардың қарапайым адамдармен тілдесу мәселелері. Нақты айтқанда, жасанды интеллектінің көмегімен ым тілін қазақшалап жатыр.
- Былтыр докторлық диссертацияны (PhD) қорғап шықтым, бірақ зерттеуімді әлі де жалғастырып жатырмын. Қазір ғылыми-зерттеу арқылы ым тілінде сөйлейтін жандардың сөзін мәтінге түсіре алатын нәтижеге қол жеткіздік. Ол жерде қолдың қимылын, ерін формасын танимыз, сонымен қатар электронды ақпараттарды ым тіліне бейімдеп жатырмыз.
Қазақ тілінде 40 мың сөз қоры бар болса, ым тілінің қоры - 2500-3000 сөз. Әлемде бекітілген 120 ым тілі бар, бірақ қазақ әліпбиіне сәйкес ым тілі жоқ. Дегенмен, оған қынжылмаймыз, ана тілге бейімдеп жатырмыз.
Қазақ ым тілінің стандарты жоқ, ол үшін мен қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінің 1 мың сөзін алып ұқсастығын салыстырып шықтым. Әрине, сәйкес келмейтін сөздер бар, мысалы, ақсақал, бәйбіше деген сөздер өзге тілде қолданылмайды, сол сөздер қазақы ым тіліне бейімделді. Осылайша, ым тілін қазақшалауға болады деген тұжырыммен ғылыми мақала жариялап, зерттеуімді осы мақаланың негізінде одан әрі жалғастырып келемін, - дейді ғалым.
Қазір ғалым есту, сөйлеу қабілеті нашар жандарға арналған мекемелермен келісімшарт жасап, қазақша ым тілі жобасы пилоттық режимде апробациядан өтіп жатыр.
- Сонымен қатар балабақша, мектепте педагогтермен де жұмыс істеп жатырмыз. Мен оларға ым технологиясын ұсындым, бірақ оны есту және сөйлеу қабілеті нашар баланың тіліне бейімдеу керек.
Жобаның тағы бір ерекшелігі - жасанды интеллектінің көмегімен жүзеге асырылады, себебі ол - көп көлемді ақпаратты өңдеп, бейімдей алатын жалғыз құрал. Осы орайда маған педагогтердің сарапшы ретінде көмегі керек, өйткені олар балалармен тікелей жұмыс істейді. Бұл жоба - қарапайым адамдар мен есту және сөйлеу қабілеті нашар жандар арасындағы жасанды интеллектінің көмегімен жүзеге асырылатын байланыс көпірі, сол үшін SignBridge деп атадық, - деп түсіндірді.
Зерттеуші әңгіме барысында жобаны биыл іске қосуды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.
- Алғаш 2022 жылы университет ішінде өткен Жаңа АСУ байқауына қатысып грант ұтып алдым, сол сияқты жас ғалым грантының иегері болдым, одан бөлек халықаралық банктің инклюзия бағдарламасы бойынша байқауға қатысып жеңімпаз атандым. Жақында Алматыда өткен Digital Almaty 2025 стартап шарасына қатысып келдім, сол жерде біраз маңызды байланыстар орнатылды. Сондай-ақ 2023 жылы біздің жоба БҰҰ-ның инновациялық бағдарламалар байқауының жеңімпазы болды. Жалпы SignBridge әзірлеушілері қатарында Құрметбек Бекболат пен Назерке Ғазизова бар, - дейді зерттеуші.
Осы орайда IT маманынан қазіргі таңда жасанды интеллектінің адам өміріне кеңінен еніп жатқанына қатысты пікірін білген едік.
- Жасанды интеллектіден қорқудың қажеті жоқ, бәрі жасанды интеллектінің көмегімен бағдарлама әзірлеушінің ниетіне байланысты. Жасанды интеллект – адамның ниетін жүзеге асыратын құрал, ал адам оны қалай қолданады, мәселе осында. Сондықтан жасанды интеллектіні қолдану жағын заңдастыру керек деп ойлаймын, - деген түсінік берді.
Сонымен қатар ғалым елдегі есту және сөйлеу қабілеті нашар жандардың проблемасын көтерді.
- Есту және сөйлеу қабілеті нашар жандардың ресми статистикасы бойынша 33 мың, ал бейресми статистика бір жерде 80 мың, бір жерде 200 мың деп жүр. Менің ойымша, бұл санаттағы азаматтар қоғамда көрінбейді, біз олардың проблемаларын білмейміз.
Есту және сөйлеу қабілеті нашар жандарға алғаш жобам туралы айтқанда, олар маған қоя тұршы, басқа да шешілмеген мәселеміз толып жатыр деді. Осы орайда, есту және сөйлеу қабілеті нашар жандардың сауатын аша түссек, олар қоғам өміріне тікелей қатысса мәселе шешіледі деп ойлаймын. Мысалы, балабақшада бұл жандарды мектепке даярлайтын мамандар аз, тапшы. Мектепке дайын болмай барған бала, ым тілін алып кете алмайды, мектеп ерекше бала болғандықтан аттестатын беріп шығарып салады, одан әрі оқуға түсу керек, жұмыс істеу керек. Проблема осы жерде басталады, елімізде ым тіліне бейімделген 3-4 қана колледж бар, оларда дені жиһаз жасау, тігінші, аспаз тағы сол сияқты мамандықты меңгереді. Мәселені балабақшадан бастап көтеру керек және бұл жандардың сауаттылығына аса мән беру керек.
Айта кетсем, мен қазақша 4000 сөзді алып ым тіліне салғанда олар түсінетін 400 сөз ғана қалды, демек мен 2 бет сөз оқысам, соның 20%-ын ғана түсінеді. Мақсат – ақпараттар мен мәліметтерді ым тіліне бейімдеу арқылы, сауаттылығын көтеру, сауатты азамат қоғамға тез бейімделеді, жұмыс та табады. Осы санаттағы ерекше жандарға жақын болу үшін ым тілінің базалық курсын оқып, алған ақпаратымды зерттеу барысында қолданып жүрмін. Оның үстіне жасанды интеллектіге көп әрі жан-жақты ақпарат керек, барлық деректі өңдеп керегін қалдырады. Мен үшін басты мақсат әрі көрсеткіш - есту және сөйлеу қабілеті нашар жандар мен әзірлеген дүниенің пайдасын көруі, - деп толықтырды Н. Амангелді.
Сондай-ақ зерттеушіден отандық ғылымның қазіргі жай-күйі, ғылымдағы нәзік жандардың үлесі туралы сұраған едік.
- Соңғы уақытта ғылымға бөлінген көңілдің арқасында өз жобамды жүзеге асырып жатырмын, яғни мен ғылымға көрсетіліп жатқан қолдауға дәлелмін. Қазір елімізде ғалымдарды кең дәріптеп жатыр, ал ғылыммен айналысу мәртебеге айналып келе жатыр. Ғылым мемлекеттік деңгейде дәріптелген соң, жастардың көңілі ауып келеді. Мұны университеттегі зерттеуші маман ретінде айта аламын.
Өз басымда бір жағдай болды. Осы жобамды енгізуім керек кезде, «ғылыми жобаны енгізу қиын, басың бәлеге қалады» деп айтқан жандар болды, яғни маған «жобаңды қоя сал» деді.
Бұл тұрғыда ұстанымым - мен мемлекеттік грантта оқыдым, ғылым грантын ұтып алдым, яғни мемлекет маған капитал құйды, мен одан нәтиже шығаруым керек, пайдамды тигізуім қажет, бұл - зор жауапкершілік.
Жалпы, ғылым фокусты талап етеді, яғни сіз бастаған іске беріліп, нәтиже шығармай тоқтамау қажет. Сол сияқты ғалымның ойында жобаны қорғап, есепті тапсыру деген мақсат болмау керек, мақсат – жобаңыздың қолданысқа енуі, адамға, қоғамға пайда әкелуі. Осы жайтты студенттеріме жиі айтамын. Ғылымдағы әйелдерге келсек, өз ойым - ер адамдар ғылымды қолға алса, көп нәтиже шығарады, әйелдерде үйдің тірлігі, бала-шаға, тағы басқа жауапкершілік бар. Жалпы, қазақ ғылымының болашағы жарқын, - деп қорытындылады ғалым.
Айта кетсек, бүгінгі таңда Қазақстанда ғылыммен 11 982 (2023 ж – 9 316) әйел ғылыми қызметкер айналысады. Оның ішінде 848 – ғылым докторы (2023 ж – 682), ғылым кандидаты – 2 872 (2023 ж – 2 214), PhD докторы – 1 806 (2023 ж - 991) және 48 сала (профиль) докторы бар.
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар қызметкерлерінің ішінде әйелдердің үлесі - 55,6%.
Сондай-ақ жаратылыстану ғылымдары бойынша 3 444, инженерлік жобалар және технологияда – 2 310, медицина ғылымдары – 1 147, ауылшаруашылық ғылымдары – 975, әлеуметтік ғылымдар – 1 447, гуманитарлық ғылымдар – 2 659 әйел адам ғылыммен айналысады.
Ұлттық ғылым академиясы деректері бойынша былтыр елімізде 75 ғалымға мемлекеттік сыйлықтар мен стипендия тағайындалған, оның ішінде 50 жас ғалым бар. Нәзік жандылардың үлесіне келсек, мемлекеттік сыйлық алған 25 ғалымның 15-і - әйел, мемлекеттік стипендия иегері атанған 50 жас ғалымның ішінде 19 нәзік жан бар.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда ғылым қалалары пайда болады.