Темір тордың ар жағындағы білім күні

Әрбір адамның құқығы мен еркіндігі жүйесіндегі негіз қалаушы фактор – білім алу құқығы. 1 қыркүйекте кең байтақ еліміздің барша білім беру орындарында Білім күні кеңінен аталып өтті. Бұл күн Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№79 мекемесі» республикалық мемлекеттік мекемесінде де назардан тыс қалған жоқ. Мерекелі күннің бастамасы үлкен дайындықтан басталды. Алдын ала сценарий жасалып, құттықтау сөздері жазылып, ұстаздармен танысу, безендіру, ән таңдау тәрізді қызу жұмыстар өткізілді. 

Мекеме жанында жалпы білім беретін мектеп және кәсіптік колледж бар. Жыл санап колледжде оқуға ниет білдіргендер саны артып келеді. Жаңа оқу жылында колледжде 110 студент мамандыққа бағдарланған білім алып, мемлекеттік үлгідегі дипломды иеленеді.

Айтулы мерекенің басты кейіпкерлері – 1 курс студенттері «Шаштараз-модельер», «Тігінші», «Аспаз», «Кондитер» мамандықтары бойынша білім алуға құлшынып, еркіндікке шыққаннан кейінгі өмірін осы мамандықтармен байланыстыруды көксеп отыр.  Білім алу, мамандық игеру біріншіден мекемеде тәртіптің түзелуіне, екіншіден бостандыққа шыққанда жұмыссыз қалмай жаңа өмірге бейімделудің, қоғамдық ортада әлеуметтенудің бірден-бір жолы. Мақсат - бас бостандығынан айрылғандардың өз қателерін терең түсініп, өкініш сезімдерін оятып, көзқарасын өзгерту - ол сапалы білім беру, қылмыс жасаудан арылтып кәсіпке үйрету болып табылады.  

Бүгінгі жарқын да қуанышты, айтулы мереке – Білім күнінің дәстүрлі мерекесі әр студенттің жүрегіне жылу сыйлап, болашаққа деген үлкен сенім ұялатты. Ерекше әсер қалдырған бұл күн білім қуған әр азаматтың жарқын болашағына апарар жол екені сөзсіз. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр сотталған азамат үшін жаңаша қалыптасу кезеңі болары да анық. Бәсекеге қабілетті, білімді де білікті,  кәсіби шеберлігі жоғары, ойы ұшқыр, өзіндік көзқарасы мен пайым-талғамы бар мамандар даярлап, оларға жақсы тәрбие беру «№79 мекемесінің», мектеп, колледж ұжымының басты мақсаты, бірлескен жұмыстың нәтижесі.

Салтанатты шара құттықтау сөздермен ашылып,  білім алушыларға үлкен жетістіктер мен  шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларына сәттілік тіленді. Студенттердің сапалы білім алулары үшін мекеме тарапынан  барлық қажетті жағдайлар жасалатыны да баса айтылды.

Одан әрі «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм» тақырыбындағы кураторлық сағат өткізілді. Кураторлық сағат білімге деген құндылықты қалыптастыру, өз Отаны үшін қажет және пайдалы болуға деген ұмтылыс, белсенді өмірлік ұстанымды, кәсіби маңызды қасиеттерді және олардың қоғам өмірінің түрлі салаларында көрініс табуына дайындығын қалыптастыру, өзін-өзі тәрбиелеуге және өзін-өзі дамытуға, жеке тұлғаның шығармашылық қасиеттерін дамытуға бағдарлауға бағытталды.

Ата Заңымызда еліміздің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетеді. Заң адам құқықтары мен бостандықтарының орындалатынына кепілдік береді.  Аталған конституциялық кепілдіктердің қоғамдық маңыздылығы ерекше, әсіресе бас бостандығынан айырылған тұлғалар үшін бұл мәселенің өзектілігі арта түседі. Бүгінгі шара осының айқын дәлелі.

Қай жағдайда болмасын азаматтық-құқықтық заңдардың тәрбиелік функциясының міндеті – құқықтық сана мен құқықтық мінез-құлықты қалыптастыру болып табылады. Бұл тәрбиелік іс-шаралардың жүйелі түрде жүзеге асырылуын қажет етеді. Сотталғандарға қолданылатын түзету құралдарының бірі – тәрбие жұмыстарын тиімді ұйымдастыру. Тәрбиелік жұмыстар сотталғандарды түзетуге бағытталған шаралардың жүйесін құрайды. Өтетін шаралар олардың адами құндылықтарын, патриоттық, азаматтық жауапкершіліктерін қалыптастыруға, қоғамға пайдалы болуға, әлеуметтік ортаға бейімделуін арттыруға бағытталады. Мекеме сотталғандардың санасында болатын оң өзгерістер процесі және заңға бағынатын мінез-құлыққа дайындығын тудыратын шараларды стратегиялық және ағымдағы жоспарларға сәйкес жүзеге асырады. Ол үшін алдын ала сотталғандардың сұранысы ескеріліп, шаралардың маңыздылығына мониторинг жасалады. Осыдан кейін ғана бірлескен отырыста маңызды мәселелер қаралып, жоспарлы жұмыстар қолға алынады.

Мемлекеттің әрбір азаматы – ұлттық құндылық, елдің ертеңі екенін ескерсек, сотталғандардың да сапалы білім алып, жақсы азамат болып қалыптасуына жағдай жасау біздің міндетіміз болып табылады.

 

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№79 мекемесі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бастығы, Әділет майоры Ж.Жумашев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521