Ерекше балаларға ерекше көзқарас керек

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау тек мемлекет пен үкімет­тік емес ұйымдардың міндеті ғана емес, әрбір азамат олар үшін ыңғайлы орта қалыптастыруға өз үлесін қоса алады. Бұл – тең мүмкіндіктері бар, әділет­ті және мейірімді қоғам құру жолындағы маңызды міндет. Осы орайда ел Президенті Қ.Тоқаев мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау және өмір сапасын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Дегенмен, түйіні тарқалмаған мәселелер ауданда жоқ емес. әсіресе ерекше балаларға білім беру, денсаулығын жақсарту, қоғамнан алыстатпау үшін кешенді қадамдар әлі де қажет-ақ.

Ата-ананың арманы – аяққа тұрғызу

Индербор кентіндегі жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымның күндізгі болу бөлімшесі ашылғаннан бері Бөдене ауылынан қатынайтын Назардың анасы Айжан  Мустафинамен сөйлескен едік.

– Осы мекеме ашылғалы келеміз. Бұрын өзіміз таксимен қатынадық. Кейін мекемеге берілген «Инватаксимен» қатынайтын болдық. Әрине, бала ем алғасын нәтиже болады. 
Жаңа мекеменің ашылғалы ғимараты өте тар болды. Өздері ерекше бала болғандықтан, олардың еркін отыруына жағдай жасалмаған. Осыған дейін де қаншама рет айтылды. Уәде көп болғанымен, жоғары тараптан іс-әрекет жоқ. Ал уақыт болса зымырап өтіп жатыр.  Маусым айында Назарым 17 жасқа толады. Одан кейін орталыққа 1 жыл ғана бара аламыз.  
Биыл жасы 16-да деп жаңа жылдық шыршадан қысқартып тастады, мерекені күтіп қуанып жүрген қызымның көңілі су сепкендей басылды. Арбада отырған мүмкіндігі шектеулі бала 16 жасқа толса шыршаға қатысуға болмайды деген талап қай жерде жазылған? Оған да жауап ала алмадық.
Астанадағы оңалту орталығы да  18 жасқа дейін қабылдап отыр.
Осыған дейін тек ауылдағы орталыққа ғана емес, баламыз аяққа тез тұрып кетуі үшін Ташкент қаласында 6 рет курс қабылдадық. Қызылорда қаласындағы оңалту орталығында екі жыл Сәкен Темірқұлов деген дәрігерден 240 мың теңгеге 1 курс ем алдық. Ресейдегі Тула қаласында  үш рет ота, Алматы қаласындағы «Сема» түрік клиникасында да ота жасаттық. Осы отадан соң жүреді, бәрі жақсы боп келе жатыр дегенде карантин басталып кетіп, әрі қарай емді жалғастыруға мүмкіндік болмады, - дейді.

Ал, Нұрхан мен Алиханның әжесі Жауқазын Бақтыгереева орталыққа қатынағалы оң нәтиже көріп жүргеніне қуанышты.

– Балапандарым осы орталыққа барғаннан бері алға жылжуы жақсы. Басқа балалармен қарым-қатынасы, үлкендермен амандасуы көңіл қуантады. Бұрын балаларым адамға қарамай, жерге қарап, балалармен де қосылмай, тығылып жүретін еді. Ал қазір дефектолог, массаж, логопед, ЛФК секілді жақсы білікті мамандардың арқасында оңалып келеді. Мамандардың балаларға деген мейірімдерін сөзбен айту мүмкін емес. Қазір  орталыққа барғанша асығып отырады. Немерелерім 9, 7 жаста. Тіпті апарып-әкелетін «Инватакси» жүргізушісін көргенде қуанып кетеді. Көпшілік ортаға да бейімделіп келе жатыр. 
Мамандар білікті, қажетті құрал-жабдықтары болғанымен, ғимарат мәселесі шешілмей келеді. Бұрынғы орындары өте тар, кіріп-шығу қиын еді. 
Оңалту орталығын алты айда бітіріп береміз деген еді. Сол жаңалықты күтіп отырмыз. Жаңа ғимаратта балалар таза ауада сыртқа шығып, жарты сағат ойнаса да денсаулықтары үшін жақсы емес пе?! Балаларға арналған шағын бассейні болса деп те армандаймыз,- дейді ол.


Кент тұрғыны Мұса Күсепов аудандағы балабақшалардан ерекше балаға арналған инклюзия тобын құруды ұйымдастыру қажет екендігін айтты.

– Ауданда осы орталыққа баратын ерекше балалардан бөлек, қаншасы үйде отыр. Бүгінде тек кенттегі «Айналайын» балабақшасында ғана инклюзия тобы бар. Сол топты неге барлық ауылдағы балабақшадан ашпасқа? Ерекше балаларды бала жасынан емдеп, көмек көрсетсе жақсы нәтиже береді деп ойлаймын. Ал, кенттегі  №3 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті бұрынғы орындары жөндеу басталғаннан бастап осыған дейін өнер мектебінде отырды. Алайда, өзі ерекше балалардың музыканттармен бірге отыруы қаншалықты дұрыс? Қазір орталықтағы ескі ғимаратты пана етіп отыр. Ғимарат шағын, ал бала көп. Олар ПМК-дан өту үшін Атырау қаласына барады. Одан қала берді ауданға комиссия келгенін кеңірек хабарлап айтпайды. 
Ел болып жемқорлыққа қарсымыз дейміз, десек те ерекше балаларға арналған ғимараттың 2021 жылдан бері әлі жөндеуі бітпей келеді. Жауапкершілік неге жоқ? Бұл балалар қашан қолдау табады? Арнайы ғимарат салынса халыққа да ыңғайлы болып, жұмыс орындары ашылар еді, - дейді ол. 

Көңіл кең, бөлме тар

Кенттің өзінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тірек-қимылы бұзылған және психо-неврологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арналған жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымның күндізгі болу бөлімшесі жұмыс атқаруда.  1,5 жас пен 18 жас аралығындағы балаларды қабылдайтын бөлімшеде бүгінгі таңда 14 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленуде. Аталған бөлімше 2018 жылы ауданда құрылды. Бөлімшеге НКОК  компаниясының қолдауымен 2019 жылы «Инватакси» алынып, бүгінде кент пен ауылдық округтерден келетін балаларды тасымалдаумен айналысады. 
Айталық, мұнда келетін балалар ерекше күтімді қажет етеді. Басты мәселе – ғимараттың болмауы. Неге десеңіз, мекеме ашылғалы әр жерде көшіп-қонып, ерекше баланың да, ата-ананың да ренішін туғызып отыр. Қазіргі таңда орталық емхананың екінші қабатында тамыз айының соңына дейін жалдау құнын өтеусіз пайдалануда.  

– Қазіргі таңда бізде бір ғана «Инватакси» көлігі бар. Сондықтан арғы бетте орналасқан ауылдардағы балаларды тасымалдау мүмкіндігі болмай отыр. Жарсуат, Бөдене ауылынан келетін балаларды «Инватакси» тасымалдауда. Соңғы есепті ескерсек, аудан бойынша біздің қызметке мұқтаж 37 бала бар. Ата-аналар балаларының денсаулығы үшін өздері алып келеді. 
Бүгінде аудандық емханадан жеті бөлмені өтеусіз жалға алып отырмыз. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап лицензия алу жұмыстарын жүргізудеміз. 
Бөлме тарлығы, ғимараттың жоқтығы  – басты мәселе, – дейді бөлімше директоры Айнагүл Жөкен. 

Көшіп-қонып қашанғы жүрмек?

Ауыр дертке шалдығып, денсаулығы сыр берген балалардың қандай жағдай болмасын өзге балалармен бірге жалпы мектепте білім алуға құқы бар. Осы ретте ауданда аудандық білім бөлімінің №3 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті жұмыс жасайды. Құрылғанына жиырма жылдан асқан мекемеде  бүгінгі таңда 139 бала білім алса, оның 31-і ауылдық округтерден келеді.
Түзеу кабинеті ауданда өз жұмысын бастағалы бірқатар ғимаратқа көшіп жүр. Ескі балабақша ғимаратында, аудандық білім бөлімінде, ескі көп қатарлы аурухананың орнында болды. Алайда 2021 жылы ескі көп қатарлы аурухананы күрделі жөндеу жұмысының басталуына орай Индер балалар өнер мектебінің төменгі қабатына орналасқан еді. Ал, биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап өнер мектебінің «Болашақ» мөлтек ауданындағы бөлімшесіне орналасты. Бірақ бұл орынға барар жолдың алыстығы ата-аналардың наразылығын тудырған еді. Осылайша, өткен жылдың аяғына таман аудан әкімінің шешімімен аталған мекеме кент орталығындағы ғимаратқа көшірілді. Қазіргі таңда 5 кабинетте екі маманнан бөлініп, балалармен жұмыс жасауда. 
Десек те, кабинеттің қолайсыздығы әрі жеткіліксіздігінен бірқатар құрал-жабдықтар қоймада сақтаулы тұр екен. 
Күрделі жөндеу жұмыстары басталған ғимараттың жай-күйі туралы газет беттерінде әркез жарияланып келеді. Айталық, мұнда келетін балалар ерекше күтімді қажет етеді. Әртүрлі монтессори кабинеті, бала өзін жан-жақты дамыта алуы үшін мекеме ауласында арнайы демалатын орын болуы қажет. 
Кабинет әдіскері Лунара Ізтелеуованың айтуынша, соңғы уақытта ата-аналар баланың диагнозы бар екендігін жасырып қалуға тырыспай, керісінше уақытылы ем жасауға ұмтылады екен. «Неғұрлым ертерек дәрігерлік тексерістен өтіп, алдын алсақ, оң өзгеріс байқауға болады» дейді маман. 
Кабинетке әр баланы облыстық психологиялық-медициналық педагогикалық кеңесінің жолдамасымен қабылдап алғаннан кейін мамандар зерттеу жұмысын атқара отырып, цикл басында және соңында командалық бағалауын жүргізеді. Жеке дамыту бағдарламасы әр баланың диагнозына бейімделіп жасалынады. Кабинет мамандарының дер кезінде психодиагностика мен психокоррекция өткізіп және таным саласындағы балалардың даму ерекшеліктерін зерттеп, жүйелі түрде түзете-дамыта оқытудың арқасында кабинет тізімінен шығарылған балалар да бар. 
Кабинетте сөйлеу дамуының кешігуі, интеллект бұзылыстары, қимыл-тірек аппаратының бұзылыстары, психикалық даму бұзылыстары (ПДБ), сөйлеу қабілеті бұзылған, эмоциялық-жігерлі саланың бұзылыстары, сөйлеудің жалпы дамымауы, интеллекттің орташа бұзылуы бар 3-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-педагогикалық түзеу көмегі көрсетіледі.

«Үйден оқитын балаға қолдау керек»

Білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ауданда ерекше білімді қажет ететін 116 оқушы бар. Оның ішінде 21 оқушы үйден білім алса, жалпы инклюзивті білім алатын оқушылар саны – 86, ал арнаулы сыныпта (Б.Нысанбаев, М.Әуезов атындағы орта мектепте) 9 оқушы білім алады. Бұдан бөлек, «Көктем» мектебіндегі инклюзивті сыныпта 9 оқушы болса, «Айналайын» бөбекжай-бақшасының инклюзивті тобында 8 бала тәрбиеленуде.

– Зиятының орташа ақыл-ой кемістігі бар балаға сабақ беремін. Жалпы зиятының орташа бұзылыстары бар білім алушыларға арналған білім беру деңгейінің 1-4 сыныптары үшін жасалған үлгілік оқу бағдарламасы бойынша жоспар жасалады. Бұндай оқушылармен жұмыс жасау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Оқытуда қоршаған орта туралы, практикалық дағдыларды игеру тәсілдерін қалыптастыруға, сөйлеу және коммуникацияны дамытуға бағытталған жұмыстарға көп көңіл бөлінеді. Психолог маманы сабақ береді. Қол моторикасының дамуына үнемі жұмыс жүргізіледі. Оқушының қызығушылығын арттыруға түрлі көрнекіліктерді пайдалану керек. Мұғалім оқушыны шаршатпау мақсатында денсаулық ерекшеліктеріне сәйкес бірге ойнауға тура келеді. Негізі орташа бұзылыстары бар балалармен орталықта арнайы мамандардың жұмыс жасағаны дұрыс деп ойлаймын. Денсаулығының жақсаруына септігі болады ғой, - дейді 41 жылдық еңбек өтілі бар Қ.Абаханов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Баршагүл Байдушова. 

«Сақалды құрылыс» сергелдеңі

Жоғарыда атап өткен ерекше балаларға арналған қос мекеме де аудандағы «сақалды құрылыстың» қатарына енген ғимаратқа көшіріледі деп жоспарланған. Алайда 2021 жылы «кент орталығындағы ескі емхананы оңалту орталығына айналдыру үшін күрделі жөндеу жұмыстары басталды» деп жариялаған жаңалығымыз нәтиже бермей, әлі де халық игілігіне пайдалануға берілмеді. Бүгінде оңалту орталығының сыртқы төбесінің кірпіштері, сыртқы қабырғаларының жапсырмалары құлай бастаған. 
Айта кетейік, Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов көшесінде орналасқан ескі емхана 1986 жылы пайдалануға берілген. Аумағы 1478,9 шаршы метр болатын ғимараттың мердігері  «SCS инжиниринг» ЖШС болып танылған.

– Қазіргі таңда сот сараптамасымен келісім шарт жасақтау жұмыстары жүруде. Соның негізінде атқарылған жұмыстардың жобаға сәйкестігін тексеретін боламыз, - дейді Индербор кенті әкімі Шалқар Альмурзиев. 

Түйін
Президент тапсырмасына сәйкес өңірдегі құрылыс жұмыстарының барысы қатаң қадағалануда. «Сақалды құрылыстарға» бағытталатын қаржы көлемі өзгеріске ұшырап отырады деген желеумен түзетулер енгізіле берсе, бюджетке ауыр салмақ болары сөзсіз. Сондықтан мердігер мен жергілікті атқарушы орган арасындағы жауапкершілік күшейіп, жөндеу жұмыстары қадағаланса, нысанның ел игілігіне берілер күні де жақындай түсері хақ. Әйтпесе бұл жұмыстардың барлығы бітеді дегенше аудандағы ерекше балалардың әр орынды бір пана етуіне тура келеді. Өкінішті!


Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT