ЖОҒАЛҒАН МАЛ КӨП, ИНСПЕКТОР ЖОҚ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ӘКІМДЕРДІҢ ЖЫЛ БОЙЫ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗІП, ТОЛҒАНДЫРАТЫН ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРГЕ БАСА НАЗАР АУДАРУДЫ, ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖАҢА БАҒДАРЫ ЖӘНЕ ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ШЕШУДІҢ ЖОЛДАРЫ МЕН МЕРЗІМДЕРІН ТҮСІНДІРУДІ ТАПСЫРҒАН БОЛАТЫН. ОСЫ ОРАЙДА АУДАНДА ӘКІМДЕРДІҢ ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНДАРЫ ЖАЛҒАСУДА. ЕЛТАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ӨТКЕН ЖИЫНДЫ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ БАҒДАТ САПАРОВ АШЫП ЖҮРГІЗІП ОТЫРДЫ.

Жиында аудан әкімі Салауат Өтеғұлов сөз алып, округ әкімі Олжас Бейбітұлының бұған дейінгі есеп беру жиынында көтерілген ұсыныс-пікірлерінің орындалысы бойынша тоқталды. Бүгінде ауданның әрбір ауылдық округінде мәдениет үйі, мектеп, бөбекжай, су, жол сынды бірқатар мәселелер шешімін таба келсе, енді заманға сай спорт кешендері де пайдалануға берілуде.

Елтай ауылына да спорт кешенін салуды ауыл тұрғындары көтерумен жүрген. Енді, міне бұл мәселе де шешімін таппақ. Аудан әкімі С.Өтеғұлов Елтайдан спорт кешенін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға жобалаушы мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланғанын, жобалаушы мекеме алдағы мамыр айында анықталатынын атап өтті. Ауылдың кірмежолын жарықтандыру бойынша 280 метр болатын жол бойына жарық шамдары орнатылған. Демалыс саябағын салу үшін жобалықсметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан оң нәтижесі алынған. Бастапқы қаржысы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын биыл бастауға мердігер мекемені анықтау үшін конкурсқа беру жұмыстары ұйымдастырылуда. Балалар ойын алаңын қайта жаңғыртудан өткізу үшін ақаулық актісі жасақталған. Қазір сметалық құжаттамасы дайындалуда, содан соң қаржысы сұратылатын болады. М.Сиранов атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу бойынша техникалық негіздеме жасақтауға қаржыға сұраныс беру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Соңғы рет аталған мектепке күрделі жөндеу жұмыстары 2014 жылы жүргізіліпті. Елтай дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалықсметалық құжаттарын жасақтауға құжаттар дайындалуда. Ауыл маңындағы иесіз қоқыстарды тазарту бойынша биылғы тазалық айлығы барысында сенбіліктер кезінде атқарылуда. Ал Елтай-Атырау бағытына жолауш ы л а р т а с ы м а л д а й т ы н м а р ш р у т ұйымдастыру ісінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс берілген. Алайда бұл мәселе күні бүгінге шешімін таппаған екен. Ауылдың орталығындағы шағын көпірді жарықтандыру бойынша «Өңірлік дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарына» енгізіліп тұр. Бұл жұмыстар жоспарға сәйкес кезеңкезеңімен жүргізілетін болады.

Сонымен қатар Аққала ауылы бойынша да көтерілген мәселелер айтылып өтті. Тұрғындар арасынан еңбек ардагері Тасқали Темірболатов сөз алып, бірқатар мәселені көтерді. -Аудан орталығында талай апатты жағдайда тұрған көпқатарлы үй тұрғындары қауіп-қатердің астында қалып, баратын жері болмай қиналып отыр. Олардың жанайқайларын кешегі облыс басшысымен өткен жиында естідік те. Ал біздің ауылдарда халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Әлі де кезегін күтіп тұрған нысандар баршылық. Біз, аға ұрпақ мұндай жағдайдың біреуін көрмей, жоқшылықты көріп өсіп едік. Енді, тіпті, балды демалыс орнына айналдыру, тым жақсы бөбекжайды қайта жөндеу сынды тағы басқа да көптеген ұсыныстар да бар екен.

Бірақ оның бәріне бірдей қаржы жете ме? Мемлекет қаржысын ысырап қылмай, тиімді пайдалану қажет қой, - деді ол. Мұнан кейін ардагер Т.Темірболатов кезінде Амангелді совхозына қараған Сәлментөбе, Қатыншағыл, Бұзауқатын секілді отыздың шамасында жер учаскесі белгісіз себеппен көрші облыстың территориясына еніп кеткенін атап өтті. Мысалы, өзі 1942 жылы кезінде осы округке қарасты Сәлментөбе деген шағылда дүниеге келген. Сол жерлер қазір көрші облысқа кетіп қалған. Сондықтан аталған жерлерді кері қайтару қажет деп санайды. Себебі, қазір ауыл тұрғындарының малына жайылымдық жер тапшы, шабындық жер жетпеуде.

Сонымен қатар ардагер Сенат пен Мәжілістен келетін депутаттардың ауданға жолы түскенде Елтайға келе бермейтіндігіне наразылығын білдірді. Ал, Ішкі істер саласының ардагері Әнуар Сейфуллин әлемдік деңгейдегі спортшы шығып отырған округтен спорт кешені салынатынына қуанышты екенін жасырмады.

-Соңғы кезде округтің қырында мал жоғалу фактісі көп кездесуде. Мысалы, біздің айналамыздағы шаруашылықтардан жылқысы, сиыры бар, барлығы 20 бас мал жоғалып отыр. Ішінде былтырдан бері таба алмай жүргендері де бар. «Айтсақ өзімізге тиеді» демекші, ауылдан учаскелік инспектор көрмейтін болдым. Қазір ауылда жол қозғалысы көп. Мотоцикл жүргізген балалар көбейді. Арасында түйісіп, жарақат алғандар да кездеседі. Сондықтан тәртіпті қадағалау қажет етеді, - деді ол.

Тұрғын Тоқтарбай Серікқалиевті ауыл тазалығымен қатар көршісінің мәселесі мазалайды екен.

-Екі пәтерлік үйде тұрамыз. Көршім істі болды, ал бос тұрған пәтерінен түрлі жәндіктер қаптап кетіп маза бермей отыр. Уласам да көнетін емес. Біреудің пәтеріне заңсыз кіре алмаймын, туысқандарына айтсақ "қозғама" дейді. Сондықтан да шарасын алуды сұраймын, - десе, Қуат Шахметов көшесінде ток күші жетіспейтіндіктен жарығы сығырайып, жазда кондиционер қоса алмайтынын айтуды да ұмытпады.

Сөз алған тұрғын Сүйеуғали Сыдықов тауар бағаларына бақылаудың қажеттігін, әрі ауылдың сауда орындарында тауарлардың бағалары көрсетіле бермейтіндігін қаперге берді. Ал, Жасталап Аманғалиев болса, Х.Қауашева көшесінде жаңадан төселген асфальтқа су ағар салынбай, көктемде суға кетіп қиналып қалғанына ренішін білдірді. Ал керегінде насос ауыса бермейді екен. Сондай-ақ Есенаман Оспанов, Нұрлыбай Далабаев сынды тұрғындар жарық, спорт алаңына қатысты ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі С.Өтеғұлов тұрғындар көтерген мәселелер бойынша бөлім, мекеме басшылары мен округ әкіміне тиісті тапсырмалар беріп, уақытында орындалуы басты назарда болатындығын атап өтті.

Саламат БАЗАРБАЕВ, суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT