Индербор кентіндегі Махамбет көшесі 12 үйдің тұрғындары жатақханаларының мұңын айтып, көмек сұрап отыр. Себебі, сырт қарағанда бүтін үйге ұқсағанымен, жақын келгенде сылақтары түсіп, қабырғасы бірнеше жерден жарылып, тозығы жеткен.
Салынғанына қырық жылға жуық уақыт болған бұл ғимарат әу баста колледж студенттерінің жатақханасы болып, кейін халыққа тұрғын үй ретінде бөлмелері бөліп берілген. Содан бері бір жібі түзу жөндеу көрмеген ғимаратта қазір қырыққа жуық отбасы тұрып жатыр.
Нақтырақ айтсақ, ғимараттың іші адам көргісіз. Табалдырықтан аттай салғаннан-ақ жаман иіс шығып, ұзын-сонар дәліз едендерінің тозығы жеткен, адам көретін ұсқыны жоқ. Ал қабырғада салбыраған электр сымдарының өзі үрей туғызады. Тұрғындардың айтуынша, әрбір үйдің терезесінің тастары үгітіліп түсіп, жарқанат ұя салыпты. Тіпті сол байғұс құстың балаларының шиқылдаған даусы мазаны алып, әрлі-берлі жүйткіген жүк көліктерінен үйлері шайқалып, ыдыстары сыңғырлайтындықтарын да жеткізді.
-Осы пәтерде жиырма жылдан бері тұрамын. Бастапқы әзірде өздеріміз су, жарық, көгілдір отынды үйімізге кіргізіп алдық. Кейін пәтерімізге жөндеу жүргізіп алғанымызбен қазір бір шеге қаға алмай қалдық. Үйімізге заманға сай аспалы шамын да іле алмай отырмыз. Себебі, тастары үгітіліп, ештеңе ұстамайды. Сондай-ақ ірі жүк көліктері тіркемесімен өте қалса болды, үйіміз шайқалып, қорқып отырамыз. Анау көбі қалтқымен (пенопласты) үйлерінің сыртын қаптаса, ал біздер керісінше ішін қаптауға мәжбүрміз,-дейді Сырым есімді зейнеткер.
Шынында да бір тұрғынның ауыр жүк көлігі өткенде асхана жиһазы құлап, біраз ыдыстары пайдасыз болыпты.
Тіпті тұрғындарды жылыту жүйелері де жүйкелерін жұқартқандай. Қатты қысым бола қалса болды жарылудың аз-ақ алдында тұр. Себебі құбырлар ескірген. Ал су тамшылаған жерлерін өздері жамап әлек. Кейде қыстың қытымыр аязында құбырларды қос көрпемен жауып қоятындықтарын да жасырмады ашынған тұрғындар.
Ал жалғызбасты тұрғын Ольга Григорева әр таңының аман атқанына қуанып отырады. Себебі осыдан 2-3 жыл бұрын үйіндегі жылу жүйесінің тұрбасы жарылып, ыстық су үйіне кетіп содан қатты қорқып инсульт алып, аурухана жетіпті. Содан бір жақ қол-аяғы жансызданып II топ мүгедегі болып қалыпты.
Тіпті тұрғындар бұл жатақхананың жағымсыз иісі мен пәтерлерінің қысы-жазы дымқыл тартып тұратындықтарынан бұрындары турберкулез ауруымен ауырып, о дүниелік болғандар да барын айтады.
Жұртшылықтың айтуынша, осындағы жертөленің де жағдайы мәз емес. Әбден тозығы жеткен су құбырларын көзбен көру үшін біз де жертөлеге түстік. Бұл жерде қоқыстан аяқ сүрінгені былай тұрсын, жаман иістен тыныс алу мүмкін емес. Тіпті арғы жағын тұрғындар өз күштерімен жауып қойыпты. Себебі, ол жақ өлген мысық пен итке толы. Ал ертең-ақ жаз басталса жағымсыз иіске шыбын-шіркей ұялай бастайды. Тіпті егеуқұйрық былай тұрсын, жылан, бүйе сынды улы жәндіктер үй-үйге өрмелегенде төменгі қабаттың тұрғындары көрпе салып, жерге жатуға қорқамыз дейді.
Сондай-ақ тұрғындар ашық балконге екінің бірі келетінін, араққұмарлар осы жерді паналайтынын да жеткізді.
Осы жерде тәртіп сақшыларын шақырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тазалықты сақтау жағына тұрғындардың да аса мән бере қоймағыны байқалады.
Жалпы Индер ауданында арнайы комиссияның шешімімен апатты деп танылған 22 үй бар. Олардың басым көпшілігі өткен ғасырдың ортасында салынған. Ондағы екі жүзге жақын отбасы тұрғынның өмірі үрей мен үміт арасында өтіп жатыр. Индер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобилдер жолдары және тұрғын инспекция бөлiмi басшысы Ақекен Ибрагимов апатты деп танылған үйлерді кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін көшіріп болатынын айтты.
Ал біз көтерген жатақхана апатты үйлердің санатында еместігін ескертті. Яғни, тұрғындардың жаңа баспанаға қашан көшетіндері әлі белгісіз. Сондықтан да олар аудан әкімінің жауабын күтпекші.
Әйтеуір шатырына жарқанат ұя салып, жертөлесінде жылап жайлап, құрт-құмырысқа қаптаған мына ғимараттың жай-күйі бей-жай қалдырмайды.
Диас АЙБАР