Жастармен жүздесті

Бүгін «Nur Otan» партиясының мүшелері, аудандық мәслихат депутаттығына үміткер «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының директоры Дәурен Сағынғалиев пен жеке кәсіпкер Ринат Қалауғалиев жастармен жүздесті.

Кездесу барысында үміткерлер сайлау науқанының маңызды екенін ескертіп, жастарға қолжетімді жобалар мен «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасы аясында жастарға қолдау көрсетудің мақсаты мен міндеттерін түсіндірді. Алдымен сөз алған Д.Сағынғалиев биыл Қазақстан әлемнің басқа елдері сияқты ұзақ мерзімді карантинге және шектеу шараларына байланысты үлкен қиындықтарға тап болғанын, бірақ осы сын-қатерлерге қарамастан «Nur Otan» партиясы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру, ауданды қауіпсіз әрі жайлы ету үшін бар күшін салатынын жеткізіп, жастарға кәсіпкерлік бағытында кеңес берді.

-Ауданымызда кәсіпкерлікті қолдау бағытында тыңғылықты жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, мемлекеттің «Жол картасы-2020» бағдарламасы аяқталып, енді келер бес жылдыққа жаңа бағдарламасы жарық көрді. Оның «Еңбек» деп аталатын бағдарламасының төртінші бағыты «Бастау-Бизнес» жобасы аясында аудандық кәсіпкерлік палата мен аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы әр сала бойынша кәсіп ашамын деген жұмыссыз жастарды оқытып, оларға 555 000 теңгеге дейін грант береді. Сондай-ақ бұл қаражаттың көлемі де келер жылдан бастап өседі деген жоспар бар,-дейді мәслихат депутаттығына үміткер.

rinat-pen-dauren

Айталық, биыл аталған бағдарлама бойынша ауданнан 87 адам грант еншілесе, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарлама аясында ауданнан тоғыз жоба ұсынылып, оның тек үшеуі, яғни, химиялық тазалау орталығын ашу үшін ЖК «Ербөлеков», баланың логикалық, психологиялық ойлау қабілетін дамыту мақсатындағы «Монтесума» оқу орталығы, дайын емес өнімдерді дайындау үшін жеке кәсіпкер А.Исаева жеңімпаз атаныпты. Олар енді келер жылдан бастап кәсіптер бастамақшы. Жеке кәсіпкер Ринат Қалауғалиев «Nur Otan» партиясы бағдарламасының соңғы бес жыл бойы қалай жүзеге асырылғанын жас буынға жеткізді.

-Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан жаңа ұрпақ еліміздің стратегиялық бағытының қозғалтқышына айналуы керек. Мәселен, ауданда жастар ресурстық орталығы жұмыс жасаса, олар, патриоттық тәрбие, рухани жаңғыру, азаматтық – құқықтық, жастар арасында бұқаралық спортты дамыту бағытында шаралар өткізуді жалғастырады. Сондай-ақ ауданда жастарды қолдау мақсатында жыл сайын 200-ден кем емес жастарды жұмысқа орналастыруға, сонымен қатар «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыру арқылы жаз мезгілінде 70-ден аса жасты жұмысқа орналастырамыз. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша кемінде 15 жас маманды жұмысқа тартып, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында жастарды жұмысқа орналастыру арқылы жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетеміз,-дейді өз сөзінде.

Осылайша, үгіт-насихат жұмыстары барысында жастар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алса, үміткерлер партияның жеткен жетістігі мен болашаққа құрған жоспарларын тағы бір мәрте сараптап, қолдауға шақырды.

Диас АЙБАР

«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Индер ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT