Жаңа жыл қарсаңында елімізде ең көп сұранысқа ие АИ-92 маркалы жанармай бағасы тағы да шарықтауы мүмкін. Қазақстаның кейбір өңірлерінде жанармайдың бұл маркасының бір литрі 190 теңгеден сатылып жатыр. Ал сарапшылар болжамы бойынша келер жылы жанармай бағасы тағы 25-30 пайызға көтеріледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Қазақстандағы ең қымбат бензин еліміздің солтүстігінде. Петропавлдағы жанар-жағармай құю бекеттерінде жанармай литрі бір аптада он теңгеге көтеріліп, 189-190 теңгеден сатылып жатыр. Бұл көлік жүргізушілерінің наразылығын тудырды.
Әдетте көктем мен күзде ғана өсетін бензиннің бағасы биыл бірнеше рет шарықтады. Жыл басында 150 теңгеден сатылған, халық арасында сұранысқа ие АИ-92 бензинінің бір литрі бүгінде еліміздің барлық аймағында қырық теңгеге дейін өскен. Бірақ билік өкілдері жанармайдың бағасын тежеп тұра алмаймыз дейді.
Энергетика министрлігі бензиннің бағасы жаңа жыл қарсаңында өспейді деп мәлімдеді. Дегенмен келер жылы баға қалай құбылатын өздері де айта алмай отыр. Ал сарапшылар жанармай құнының күрт шарықтауына бірнеше фактор әсер етті дейді. Соның негізгісі, биылдан бастап бензиннің электрондық сауда арқылы ғана сатылуы, өндірушілер үшін тиімді екенін айтты.
"Бензиннің бағасы валюта курсына тәуелді. Қазір доллар қымбаттап барады. Бір доллар 440 теңге тұрады. Оның да әсері тиіп жатыр", – дейді сарапшы Ерлан Жаукин.
Сондай-ақ, сарапшылар 2022 жылы АИ-92 бензинінің бір литрі 230 теңгеден асады деп болжап отыр. Бірақ ерте ме кеш пе көрші елдің бағасымен теңестірмей қоймайды дейді.
Айта кету керек, Ресейде АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 270 теңгеге жеткен.
Назархан Уан