Ы.Алтынсарин белгісінің алғашқы иегері

  Дүниедегі мамандық атаулының төресі- ұстаздық. Барлық мамандық иесін  тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар екеніне талас болмас. «Мұғалім мамандығы - барлық мамандықтың анасы» деп те тегін айтылмаған. Бүгінгі мақаламыздың бас кейіпкері, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы белгінің аудандағы алғашқы иегері, жоғары санатты биология пәнінің мұғалімі, бүгінде зейнеткер апам Фарида Темірболатова дәл осындай жан. Жуырда Фарида апамыз 70 жасқа толу мерей -тойын бауырлары мен ағайын-туманың ортасында дүркіретіп өткізіп еді. Сол кезде шынайы тілегінен шыққан әрбір адамның сөзі өз салмағына ие болып тұрды, өйткені ол ағайынның ортасында өзіндік орны бар, үлкенге ізетімен, кішіге қамқорлығын аямаған, ұқыпты, парасатты, іскер, мейірімді жан дегенге лайықты еді.

  Фарида апам - атам Темірболат пен әжем Батиханың бауырынан өрген үш қыз бен үш ұлдың ең кенжесі. Айта кету керек, ата-әжем Елтай ауылының негізін қалауға атсалысқан еңбекқор жандар еді. 1972 жылы онжылдық мектепті тәмамдаған Фарида апам ағасы Аронға көмекші жылқышы болып, алғашқы еңбек жолын бастаған болатын. Бірақ мектепте оқу екпіндісі, домбыра үйірмесінің мүшесі, комсомол ұйымының төрағасы болған ол еңбек ете жүріп, білімге деген құштарлығымен жоғары оқу орнына түссем деген биік арманы болды. Мақсатының жетегімен Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне оқуға түсіп, 1978 жылы бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын өзі оқыған В. И. Ленин атындағы (қазіргі М. Сиранов) мектептен бастайды. Бір орында үзбестен ұстаздық еткен ол 2011 жылға дейін еңбек етеді.

  Бүкіл ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған оның еңбегі де нәтижесіз болған жоқ. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойларына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.

- Оқу методикасын жетілдіру үшін мұғалімге бір деңгейде қалып қою жеткіліксіз еді. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, алдымен өзіңді жетілдіруің керек дегенді алдыма мақсат етіп қойғанмын. Одан кейін шәкірттер жүрегіне жол салып, білімін ұштастырып отыру ол ұстаздың міндеті. Шығармашылықпен жұмыс жасап, шәкірттерімнің ғылыми жобалар сайысында республикалық деңгейге көтерілуі мен үшін еңбегімнің жемісі деп білдім. Оқушылардың пәндік олимпиадаларда облыстық деңгейге көтерілуіне де мұрындық болғанмын,- дейді бір естелігінде Фарида апай.

Еңбегі еш кетпеді, елеусіз қалған жоқ. 2004 жылы Астана қаласында өткен республикалық мұғалімдердің III съезіне делегат болып қатысып келді. Бірнеше дүркін облыстық, республикалық Құрмет грамоталарына ие болды. 1987 жылы «Қазақ ССР оқу ісінің озық қызметкері» атағын алса, 1992 жылы аудандағы ұстаздардың ішінен топ жарып, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгіге ие болды.

  Фарида апай өзінің озық тәжірибесін тарату мақсатында «Сабақта және сабақтан тыс жұмыста оқушылардың шығармашылығын дамыту» кітабын жарыққа шығарды. Алты тарауға бөлінгенкітапта биология пәнінен өткізген шығармашылық сабақтарының, зерттеу жұмыстарының сыныптан тыс еңбектері бар еді. Жас мұғалімдер үшін жаңа технологиялармен өткізген сабақ түрлері танымдық құштарлығын ашуға негіз болды деп айта аламыз. Ұстазды ұстаз ететіншәкірті. Фарида апай бірнеше жүздеген шәкірттерге ұстаздық етті, оның ішінде түрлі мамандық иелері бар еді, тіпті апайдың жолын қуып, осы мамандықтытаңдағандар да жетерлік. Мереке күндері шәкірттері шет елденТүркиядан, Венгриядан, Германиядан хабарласып құттықтауысоның бір айғағы.Ол ағайынның арасында қадірлі. Інісі Әлібек пен осы мақаланың иесі - менің өсіп өніп, мамандық алып, отбасын құруымызға еңбегі сіңген. Өзімнің ұстаздық жолды таңдауыма негіз болған еді Фарида апам. Табиғаттың заңдылығына мойынсын- бай, өмір деген өзенде бауырлар үшін бар ғұмырын арнаған апамыз кездескен қиындықтарға мойымай, бізді алға жетелеумен болды. Інім Әлібектің сүйген жары Светаның өмірден ерте кетуі оған ауыр соққы болып тиді. Сыйласы мен сырласы болған жанның ерте өмірден өтуі, олардан тараған ұл, қызын жетілдіруді мойнына алуы ерлік еді. Қайғы деген аяқ астында, Әлібектің ұлы Әділбектің көлік апатынан көз жұмуы Фарида апамызға үлкен соққы болып тиді. Өрімдей жастың ерте үзілуі, одан өрген ұл, қыздың тәрбиесін қолға алуы оңай емес-тін. Осындай тағдырдың қиын жолынан өткен апамыз атамыздың шаңырағының отынының маздап жануына бірден-бір себепкер болып отыр.

  Жетпіс жылдық ғұмырында болған той үстінде осының бәрі айтылмай қалған жоқ. Өз жасынан өте ширақ жүруі оның бос кез - де спорттан қол үзбей, үнемі жаңалыққа құштарлығының арқасында, әрі іні- келінінің аялап құрметтеуінің нәтижесінде екені даусыз. Апам Фарида туралы көп сыр шертуге болады, оны бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Ол әке орнына ӘКЕ, ана орнына АНА болған ұлы адам.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521