Аудандағы Есбол, Өрлік, Көктоғай және Жарсуат ауылдарында спорт кешендері салынатыны туралы алғашқы хабарлар өткен жылдардан айтылып келсе, биыл ол жобалардың алды іске аса бастағаны да үлкен қуанышқа айналып отыр.
Дәлірек айтсақ, жақында облыс басшысы ауданға сапарында Есбол ауылында салынған қос қатарлы әсем спорт кешені мен сыртқы ашық алаңын аралап көріп, мердігер «ИндергазСтрой» ЖШС басшысы Елдос Құлғалиевқа ризашылық білдірген болатын. Аталған ауылдар бойынша жасалған жобалар да таныстырылды. Сол арада біз де есболдық жігітті сөзге тартып, аяқталып жатқан жұмысының мән-жайын сұраған болатынбыз.
-Жалпы жобалық құны 260 млн. теңге болған бұл кешеннің құрылыс жұмыстарына 160 млн теңгедей қаржы жұмсалып, қалғаны құрал-жабдықтар алуға пайдаланып жатырмыз,-деген болатын. Шынында да іші жап-жарық әрі жып-жылы кешен негізінен спорттың күрес, бокс, кір тасын көтеру, жаттығулар жасау және тоғызқұмалақ, үстел теннисі сынды түрлеріне лайықталып жабдықталғаны бірден көзге шалынды. Бірқатар құрал-жабдықтары кең залға қаз-қатар орналасып, көздің жауын алып тұрды. Кешеннің негізгі бағытын аудандық балалар-спорт мектебінің директоры Мәлік Биғамбаев та айтқан-ды.
Өйткені, округтерде ашылатын және ашылған спорт кешендерінің көпшілігі болашақта осы мектептің бөлімшелері болатыны белгілі. Мұның өзі де ауыл спортын дамытуға кең жол ашса, екіншіден, спорт бағытындағы мамандықтарды игерген, осы жолды таңдаған жастардың екі қолға бір күрек табуына жағдай жасайды деген сөз. Ал мұның өзі аз жетістік емес.
Соңғы жылдары аудан орталығы мен ауылдардың аулаларында жасыл кілем төселген ашық алаңдар да көптеп салынып, балалар мен жастардың шағын футбол, волейбол, баскетбол сынды көптік спорт түрлерімен де айналысуына қолайлылық туғызу үстінде.
Өкінішке орай, осы алаңдар кей кездері бос қалып, иесіздікке ұшырап, бүлініп жатады. Оларда түрлі ойындар, жарыстар ұйымдастыратын жалындаған жетекшілер мен еріктілер қатары көбеймей тұр.
Тағы бір айтар жай, ауылдық жерге спорттың ең қарапайым әрі қолайлы, әсіресе қазақ баласына етене жақынырақ волейбол алаңын салу, оны жобаға енгізу ісі ұмыт қалып жүр. Тіпті аталған спорт кешендерінде жобалаушылар оны ойластырмаған да сияқтанады. Оны білетініміз, аудан орталығындағы спорт кешенінің өзінде де волейбол алаңы жоқ. Волейболшылар оны қолдан жасап, жаттығып жүр.
Сондықтан да аталған кешендерді мердігерлер салып, тапсырып кетпей тұрғанда ауылдықтағы волейболсүйер қауым оны жасатып алып қалуға ұмтылғандары да дұрысырақ. Ал оның құрал-жабдықтары, арнайы төсеніштері, торлары, тағы басқа керектері өз алдына ғой...
С.БИСЕНОВ
Есбол ауылы