Құрылыс – өркениет өлшемі

Бүгінгі жаңарған қоғамның жаңа сипатын таныту құрылыс саласын да кеңінен қамтып отыр.

Бұл маңызды саладағы жұмыстарға Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі тың қарқын қосты.

Осы тұрғыдағы «7-20-25» бағдарламасы бойынша келелі жұмыстардың атқарылуында бүгінде өздерінің кәсіптік мерекелері-Құрылысшылар күнін атап өтуге дайындалып жатқан аудан құрылысшыларының қосқан сүбелі үлестері бар екені анық.

Аталған бастамадағы көтерілген игі міндеттердің арқасында бұл салаға қомақты қаржы қаралып, арнайы бағдарлама жасақталып, елімізде тұрғын үй құрылысы дамып, миллиондаған қазақстандық үшін баспана алудың қолжетімділігі артса, бұл істер бойынша ауданда едәуір ілгері басу бар.

Соңғы кезде, әсіресе жеке тұрғын құрылысы бұрыннан да қарқынды жүргізіліп келе жатқан ауданда қос бірдей 60 пәтерлік үйлер, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен дәрігерлер, басқа да өте тапшы мамандарға қажетті пәтерлердің бой көтеріп, уақтылы тапсырылуларын осы игі істің оң нәтижесі деп айтуға болады.

Осы жұмыстардың болашақта да жалғасын табатындығына аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік мекемесі басшысы Бауыржан Иманғазиев нақты дәлелдер келтіреді.

-Атап айтқанда«Атырау облысы Индер ауданы Индербор кентінде Көктем ықшам ауданы №11 учаске, 1 орыннан көппәтерлі 4 қабатты №1,2,3,4 тұрғын үйлер құрылысы» жұмыстарын сатып алу бойынша электронды конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізу үшін «Атырау облысы мемлекеттік сатып алу басқармасы» бірыңғай ұйымдастырушы болып айқындалып, хабарламасы жарияланды,-дегені оған дәлел бола алады.

Жалпы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік мекемесі«Атырау облысы Индер ауданы Көктоғай ауылына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына жобалау-сметалық құжаттарын жасақтау жұмыстарын» мемлекеттік сатып алу бойынша, жеңімпаз болып танылған «ПроектСтройИнжиниринг» ЖШС-не жер телімін табыстау туралы шешім, жер учаскесіне берілген актілерін ұсынуы арқылы толықтыра түсіп отырғанын да ерекше атағымыз келеді.

Осы бағыттағы жұмыстарға аудан елді мекендеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (су, тоқ, газ желілері) құрылыстарына жобалау-сметалық құжаттама жасақталынып, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінімдер жолдануын да қосу керек.

 Сөз жоқ, бұл атқарылып жатқан жобалау жұмыстары болашақтағы құрылыстардың бүгіннен де қарқынды жүріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жоғарылата түсуге игі ықпалын тигізетіні анық.

Негізі құрылыс жұмыстары бойынша өткен жыл табысты болды десе еш артықтық етпейді. Ауданда үш бірдей Ынтымақ, Аққала, Құрылыста орта білім беретін оқу орны, Жарсуатта  саз мектебі, Индерборда балабақша, Көктоғайда амбулатория салынып, пайдалануға тапсырылса, биыл Бөденеде балабақша мен мәдениет үйі, Есболда да осындай ғимарат құрылыстары тапсырылуға дайындалу үстінде.

Сонымен қоса Индербордағы «Болашақ», «Шығыс» ықшам аудандарына инженерлік инфрақұрылымдар тартылып, 700-ге тарта тұрғын оның бүгінде игілігін көре бастады.

Алда «Көктем» мектебіне 80 орындық және Көктоғай ауылындағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектебіне 120 орындық жапсаржай құрылыстарына сараптама жүргізіліп, қорытынды алынды.

Ендігі жерде Жарсуат пен Көктоғайда физкультура-сауықтыру кешендерін салу жұмыстарының жобасы жасақталу үстінде. Сондай-ақ Елтайдағы М.Сиранов, Өрліктегі Қ.Абақанов, Көктоғайдағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектептер жанынан спорт алаңдарының іске қосылуы осы бағыттағы жұмыстардың жоспарлы жүріп жатқынының бір дәлелі.

Сол секілді 7 округке жазғы су желісінің құрылысы жүргізілді. Ал бұл жұмыстардың қорытындысы тұрғындардың тұрмысын одан әрі оңалтып, ауылдарымыздың жасыл желегін молайтуға, өзін-өзі қамтуға жол ашатын қадамдар екендігі айтпаса да түсінікті.

-Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету жұмыстары да құрылысшылардың бір межелі міндетіне жатады. Сол ретте «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы шеңберінде ауданымыздың кәсіпкерлеріне газ, су желісінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама жасақталып жатыр, сонымен қатар күннен қуат алатын батареялар сатылып алынуда,-деді бөлім басшысы әңгіме келешектегі міндеттерге ойысқанда.

 Бұл қатарда кент пен ауылдарда спорт пен ойын алаңдарын жобалап, уақтылы салуға қол жеткізу, ауылдардың ішкі-сыртқы абаттандырулары, елді мекендердің сәулетті бола түсулері жұмыстарын жетілдіру кезектегі міндеттер саналады.

Ал әңгіме мерекелік жұмыстарға тірелгенде басшы ардагерлер, «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» Серік Қазиев, Сағындық Мұқанғалиев, Керімбай Сабырғалиев, Әділхан Шененов, Әсия Әжіғұлова, «Құрмет белгісі» орденді Жәнияш Сұлтанғалиева, Талғат Қасенов, Рысты Есмұқанова, Дәмелі Төлебаева және тағы басқаларының есімдерін ерекше құрметпен атап, игі ықыласын арнады.

Әр міндеті бүгінгі қажеттілік арқылы іске асырылса да мүддесі ертеңмен ұдайы үйлесім тауып отыратын құрылысшылар еңбегі қашанда мәртебелі. Оларға тек осы құрмет биігінен көріну үшін жауапкершілік пен іскерліктеріңізді еш төмендетпеңіздер демекшіміз.

Мереке құтты болсын!

 

С.ХАЛЫҚОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521