Әрбір үй 15 түп көшет ексе, ауданымыз жасыл аймаққа айналар еді

Қадірлі жерлестер! Қар кетіп, жер аяғы кеңіді. Тіршілік атаулының ұйқысынан оянып, Жер-Ананы құлпыртып, сәнге бөлейтін шағы табалдырықтан еніп келеді. Жылдың басы – әз-Наурыздың келгенінен хабардар ететін ежелгі дәстүр – Көрісу күні әр шаңыраққа құт-береке құйылып, бақ-дәулеті тасысын.

Елдің ырыс-несібесін ортайтпай, дастарқанның берекесінен айырмағай деген ақжарма тілектің үстіндемін. Жыл басы елімізге жайлы өмір сыйлап, бейбітшілік пен мейірім шуағын молынан төккей!

Жер бітіп, су аққалы ата-бабамыз бір-бірімен көріскенде, «Ырысың мол болсын!», «Тамырыңа балта тимесін!», «Бақ дарысын, қырсық арылсын!» деп, тілек айтты. Бұрынғы өкпе-назын ұмытып, құшақтасып қауышты.

Дастарқанын мол жайып, ауыл-аймақтан дәмін аяған жоқ. Әсіресе, тоң кетіп, Жер-Ана жіпсіген бойда үйінің айналасын тазалап, қора-қопсысын жөндеді. Жөндеуге келмегенін жаңартып, келер уақыттың қамын жасады. Бұл – біздің бойымызға ата-әжеміз арқылы сіңген, дәстүрлі әдетімізге енген, тәлім аларлық үрдіс.

Ал, қарттар да өзінен бұрынғылардың жақсы іс-әрекетін өз ұрпағына жалғап, Көрісу күнгі серпілістен келешек өмірдің жарқын елесін көргендей тың істерді бастады. Мұндай тағылымды әдетті біз де көре қалдық. Себебі, біз де ата-әженің бауырында өсіп, олардың ертегі-әпсаналарын тыңдаумен ержеттік. Айтқан ақылына бойладық, алған үлгі-өнегеміз алғы өмірімізге сабақ болды, болашақта да тәлімі мол болмақ.

Бақ-дәулетін маңдай тері мен жігерлі іс-әрекетінен тауып жүрген Дендер жеріне биылғы келген Доңыз жылының өзгешелігі мол болмақ. Себебі, Шығыс күнтізбесіне сай бұрынғы өткен жылдар жайлы, еңбекқорлықпен басталған істе табандылықты, берік ұстанымды талап еткен. Сондықтан, биылғы жыл да ілгері басатын, ілкімді істер мен серпінді әрекеттердің жылы боларына сенім мол.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар алдына қойған маңызды міндеттерінің негізінде Атырау облысының әкімі Н.А.Ноғаев басты жұмыстың қарапайым халықтың мүддесіне орай ұйымдастырылуын тапсырды.

Соған байланысты Индер ауданына келіп, жұмысты бастарда тұрғындардың нақты әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жоспар-жобаларға басымдық беруге тырыстық. Әр ауыл, әрбір отбасының өміріне тікелей әсер ететін іс-шаралардың қабылдануына барынша ден қойдық. Тек әкімдер емес, барлық деңгейдегі басшылардың халықпен тікелей байланыста болуын, олардың талап-тілегі мен мұң-мұқтажын ұдайы біліп, ашық пікірлесіп отыру дәстүрі үнемі жалғасады.

Наурыздың халық тұрмысына тигізер зор көмегі – бұған дейінгі ренішті қойып, адамдардың қарым-қатынасы жақсарады. Тізе қосып, бірлескен іс-қимылын бастайды, кәсібін дамытады. Біз де сол үрдістен қол үзбейміз. Аудан тұрғындарын көктемгі жыл амалдарымен бірге әр ауыл, әрбір үйдің айналасын тазартуға, жаңа іс-әрекет бастауға шақырамын. Соған орай, жылдағы дәстүрге сай 15 наурыз-15 мамыр аралығында жарияланатын санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандырудың екі айлығы. Жасыратыны жоқ, елді мекендерде, әсіресе аудан орталығында бұл жұмыстар осал. Оған өткен жылдары құрылыс жүргізген мердігер компаниялардың өз жұмысына немқұрайлылығы кесірін тигізген.

Басқа да мәселелерді саралай келіп, бұған дейін Индербор кентінде тазалық жұмыстарын жүргізіп келген «ИнтерТех» ЖШС орнына «ЖасылАймақ»ar ЖШС құрылып, 1 наурыздан бастап тазалық және көркейту жұмыстарына кірісті. Қажетті техникалары жөндеуден өтіп, серіктестікке тиісті міндеттер нақтыланды. Қоқыс шығару кестесі жасақталды. Екі айлық кезіндегі басты міндет – анықталған ең ірі 10 қоқыс үйіндісін шұғыл жою.

Әрине, халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. Сондықтан, жұмыстың бәрін қоқыс шығарушы кәсіпорынға жүктей салу – түбегейлі қателік. Бұл іске ел болып жұмылайық. Өйткені, «көп түкірсе көл» деген, халықтың қолдауы мен түсінігі болмаса, қандай мықты кәсіпорынның да жұмысы жүрмейді.

Сондай-ақ кенттің шығысындағы қоқыс алаңы да Индербор кентінің әрбір тұрғынын алаңдатуы тиіс. Желмен шашылып ұшып, аумағы 70 гектарға дейін үлкейген қоқысты қазір құжат жүзіндегі 3 гектар аумаққа жинақтап, сұрыптап қоршау мәселесі ұйымдастырылып жатыр. Дәл осы жұмысты әр ауылда жүргізу – барлық округ әкімдеріне жүктелген міндет. Ауыл маңында қоқыстың бұлайша тау болып үйіліп қалуы әуелі оның уақытында шығарылмауынан. Сондықтан, бұл шаруаны үйлестіріп, күн сайын кестеге сай қадағалап отыру – серіктестік басшысының тікелей міндеті. Бұл мәселе үнемі өз қадағалауымда болады. Тазалық – саулық кепілі. Демек мұндай күрделі мәселеге әр азамат жауапты. Әркім өз үйі мен аула-қорасын, қала берді ауыл маңындағы тазалыққа сергек көзбен қараса, үйлеспейтін шаруа жоқ. Болашақта заманға сай жаңа қоқыс жәшіктері қондырылады. Оған қоқысты сұрыптап салып, кестеге сай шығару жүйелі жолға түседі деген сенімім мол.

Бұл жұмыстар – жергілікті әкімдердің құзырындағы міндет. Тұрақты қаржы бөліп, тұрғындармен бірлескен түрде ұйымдастырып отыру қажет.

Тазалық мәселесіне қатысты ұсыныс-пікір, талап-түсініктер кәсіпкерлер тарапынан белсенділікпен жүргізіледі деген үміт зор және іскер азаматтарды осы іске ұйымшылдықпен атсалысуға шақырамын.

Бүгінде жергілікті әкімдер тарапынан тазалықты сақтамағандарға тиісті заңнамалар аясында қолданылатын шаралар алгоритмі жасалды. Себебі, қандай табыс та құқықтық нормаларға сай қойылатын талапсыз шешімін тапқан емес. Сондықтан, аудан бойынша кез келген сауда нүктесі (базар, мейрамхана, дүкен, т.б.), меншік түріне қарамастан мекеме-кәсіпорындар, тұрғын үйлердің тұрғындары тиісті территорияны таза ұстап, өзгелердің де солай болуына ықпал етуі керек.

Ауылдың айналасын таза ұстап, жерді тоздырмау мақсатында тағы бір міндет бар. Келешекте әр округ бойынша халықтың малды жайылымға шығарып-әкелу, яғни жүру сызбасы (схема) жасалып бекітіледі. Ол әуелі тұрғындармен келісілген соң бекітіліп, басшылыққа алынады. Егер ол талап орындалмай, жекеменшіктің малы көшеде не бақ-гүлзарларда жүрсе, иесіне дереу шара алу жүйесі қабылданбақ. Мұны да қатаң ескеру сұралады.

Қазақта «Еңбегің өнімді болса, көңілің сенімді болар» деген сөз бар. Сол мақсатта қар еріп болған соң екі айлық жоспарына сәйкес сенбіліктер ұйымдастырылады. Бірақ бұл іске бұрынғыша оқушылар, мұғалімдер, дәрігерлер ғана емес, аудан көлеміндегі іргелі кәсіпорындар – «ИСИГипс-Индер» ЖШС, Индер мұнай айдау станциясы, Индер желілік-өндірістік газ басқармасы, «ПромстройЦентрСервис» ЖШС, т.б. ұйымшылдық білдіріп, ауданның тазалығына үлес қосады деп сенемін.

Тазалықты табалдырықтан бастайтын қазақ өз үйінің ауласын айнадай етіп көркейтіп, кемінде 10-15 түп көшет отырғызса, туған жердің түлеуіне бұл да сеп болар тірлік. «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақылдың түп-төркінін әркім өз перзентіне осылай ұғындырса, нұр үстіне нұр. Ақ Жайықтың қос жағалауына тел қонған ел – Дендер жері айнала тал-терекпен көмкеріліп, бау-бақшасы жеміс-жидек, көкөніспен жайқалып тұрса қандай ғанибет?! Сондықтан, біз саябақтар мен гүлзарларға ерекше күтім жасап, өзгеше көзқарас қалыптастыруға жетілгеніміз жөн. Онда өскен әрбір ағаш, талды күтімге алып баптап, қоршауын түзеп, жүргінші жолдарын жаңартып төсеп, абаттандыру шарасы жасалады.

«Адамның қолы – гүл, маңдай тері – нұр» демекші, алдағы уақытта Жайық өзенінің жағалауында бұрындары болған бақты қалпына келтіру де ойда бар. Тиісті орындар оның шарасын алуға жұмыстануда.

Кентте ғана емес, барлық елді мекендерде тал-терек өсіру жыл сайын айтылғанмен, жүйелі жолға қойылмаған. Ол үшін алысқа бармай-ақ, Индер орман шаруашылығы мекемесінің көмегімен жас көшеттерді молырақ егіп, оны қолданыстағы жазғы су желілері арқылы суарып отыруға ауданда толық мүмкіндік бар. Онымен тиісті ұжымдар шұғылданады. Жазғы су желісіне бюджеттік мекемелер (балабақша, мектеп, емдеу-сауықтыру мекемелері, т.б.) де қосылады. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмысқа тартылған жастардың негізгі мақсаты да осындай әлеуметтік маңызы жоғары міндетті асқан тиянақтылықпен, мұқият жауапкершілікпен жүзеге асыру екенін дұрыс түсінген жөн.

Елбасының бастамасымен жарияланған «Жастар жылы» аясында ауданды жасыл желекпен көмкеру ісіне атсалысудан жігерлі жастар да тыс қалмайды деп ойлаймын. Бойдағы қайрат пен күш-жалынды туған жерді көркейту бағытындағы маңызды іс-қимылдарға жұмсауға шақырамын. Тағы бір маңызды мәселе – Индербор көшелеріне кәріз желілерін тарту жұмыстарының сапасы. Осыған орай жуырда тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы мен атқарушы тарап– мердігер және жобалаушылардың арнайы кездесуі ұйымдастырылды.

Онда кент тұрғындарының талап-тілегі мен қиындықтары айтылды, көше жолдарының нақты ахуалы көрсетілді. Алдымен, бұрынғы жобада кейбір көшелердегі қарсы бетте орналасқан үйлердің кәріз желісіне қосылмай қалу мәселесі көтерілді. Тиісті тараптың кемшілігінен жіберілген олқылықтарға байланысты жобаға өзгерістер енгізіп, бұған дейін бүлдірген көше жолдарын қалпына келтіру, оның жауапкершілігін түгелдей мердігерге жүктеу жөнінде арнайы ұсыныс айтылды.

Сондай-ақ кәріз желісіне жекеменшік тұрғын үйлерді қосудың шығыны қазір отбасы есебінен қарастырылған. Бұған да кент тұрғындары түсіністікпен қарағаны жөн. Аудан басшылығы тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен және тұрмысы қиын отбасылар, мүгедектер тәрізді жекелеген санаттарға ғана көмек көрсету жоспарланған. Ол үшін жасақталған тізім бойынша жұмсалатын шығын мөлшері анықталды. Бірақ ол да қолданыстағы заңнамалар аясында жүзеге асады.

Қадірменді аудан тұрғындары!

Жер бетіндегі жанды-жансызға тіл бітірген жаңа күн – Көрісу мейрамының мәні де жылдан-жылға аман жету, деннің саулығы мен бастың амандығына шүкір ету, алдағы күнге жақсы тілекпен, жаңа ой-арманмен қадам басу. Осы игі дәстүрге сай Сіздермен ашық пікірлесіп, елдік істердің қарсаңында ортақ мүдде үшін тізе қосып, бірге еңбек етуге, берекелі сапарымызда ынтымақты болып, өзара түсіністік танытуға шақырып отырған жайым бар.

Қай дәуірде де ұлттың ерекшелігін сақтап, ұрпақты елжанды, ар-намысты, иманды етіп тәрбиелеуге ұйытқы болу, бірлікке жұмылдыру ерен маңызға ие болса, бүгінде Елбасы бастамасымен жарияланған ауыл халқының жағдайын жақсартуға бағытталған «Құтты мекен» жобасына осындай құнтты ісімізбен лайықты үн қосайық. Наурыз құтты болсын!

Мейірім Жоламанұлы ҚАЛАУИ,

аудан әкімі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521