Ал енді осы кең даланың шырақшысы болып отырған Насырдан тараған ұрпақтар туралы айтудың жөні бір бөлек.
Оның құтты құрығын ұстап қалған ұлы Ғилымғали жұбайы Сапарова Қымбатпен сары қымыз сапырып, Қамбар ата тұқымын баққан. Өнікті еңбектің үлгісін көрсеткен Ғилымғали кеңес өкіметі кезінде Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ауданның Құрметті азаматы атанған. Өнегелі отбасының ошағын тұтатып, ұл-қыз өсірген олардың бәрі – егемен елдің еңбеккерлері. Заманында жақсылардың қатарында болған олардың ісін ұрпақтары жалғастырып келеді. Бүгінде Нұрлыбек атты ұлы жұбайы Досжанова Айымгүл екеуі төрт түлікті төлінен көбейтіп отыр. Балалары Нұрай мен Аягөзді Атыраудағы үйлерінде қарындасы Гүлшат оқытып, қарасып отырса, Омары әлі кішкентай. Нағыз қыр мінезді болып өсіп келеді. Сонау Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында 1996 жылы «Арал» шаруа қожалығын құрып, содан бері жапандағы жалғыз үй бар қиындыққа қасқайып қарсы тұрып келеді. Өкінішке орай, жауын-шашын болмағандықтан шабындық түгілі жайылымның өзі нашар. Мемлекеттің көмегімен ауыл шаруашылығы техникаларын алғанмен, шабындықтың жоқтығынан мал азығына сатылыпты.
Құдықтың да суы қашып, ашып кеткен. Қырық күн шілде де Бағырлайдан тасып ішеді. Әрине ауылдағы Исатай ағасы да ат ізін салып, көмектесіп тұратыны белгілі. Ауыл әкімі де шаруагердің бұл ісіне ризашылығын білдіріп, тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Ауыл шаруашылығына соны өзгерістер жөнінде айтты. -Өз күшімізге сеніп келеміз. Бұйырса ірі қараны асылдандырмақ ойымыз бар. Ит-құс та күз түсе тыным бермейді. Дегенмен жазда күшіктерін және 2-3 ірісін аулап тұрамын. Әйтпесе көбейіп кетеді,- дейді қайсар жігіт Нұрлыбек. Шынында да қасқыр ауламақ түгілі қарсақтан қорқатын қаланың кейбір көше «батырларына» Нұрлыбектей нар жігіттер үлгі боларлық. Қырдың құнарлы асына жететін не бар? Біз әңгіме айтып үлгергенше жұбайы Айымгүл де дастарханын жайнатып үлгерді. Қазы-қартасымен буы бұрқыраған қуырдақ, былғаған майы мен қаймағы, тары-талқаны, таба наны қазақылықтың иісін аңқытып жіберді. Былай қарасаңыз тоқ, газы жоқ айдаладағы жалғыз үй болғанмен отанасы осының бәрін мұнтаздай етіп отыр.
Кішкентай Омар да әке-шешесінің алданышы әрі көмекшісі. Құдай тіл-көзден сақтасын. Біз қайта жолға жиналғанымызда Нұрлыбек те торы атын ерттеп мініп, мал қарауға шықты. Жанына жолдыаяқ пен құттыаяқ атты екі иті ере жүрді. Бұл қырдың сақшысындай төбеттердің де азулылығына таң қаласың. Жаңағы аңға шыққандағы сәттерде серігі осы иттер ғана ғой. Осылайша Тумаға арнаған бір күндік сапарымызда дала тынысын байқап, әулиелерге бас иіп, қал-қадерімізше оқырманға ұсындық.
Ж.АМАНТУРЛИН