Ел болашағының тізгінін ұстайтын жас ұрпақ – мемлекетіміздің басты құндылығы. Олардың толыққанды білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ету – басты міндет.
Осыған орай, жаңа оқу жылының қарсаңында басталып, жыл бойы жалғасын табатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында М.Сиранов атындағы орта мектебінде белсенді жұмыс жүргізілуде. Биылғы қайырымдылық акциясы «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұранымен өткізіліп отыр. Акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді. Аталмыш акцияның басты мақсаты – әлеуметтік мәртебеге ие отбасынан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушыларға материалдық көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу.
Акция аясында мектеп бойынша әлеуметтік көмек қажет ететін оқушылар анықталып, ата-аналарының өтініші негізінде көмек көрсетілуде. Демеушілерді тарту мақсатында түрлі саладағы кәсіпкерлерге сұраныс хаттар жіберіліп, ата-аналар мен мектеп қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Оқушыларға көмек ұйымдастыру барысында мектеп формасы, оқу құралдары, мектеп сөмкесі және қажет болған жағдайда демеушілер тарапынан қаржылай көмек көрсетілді.
Оқушыларға демеуші болып, қолдау көрсеткендер – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры аз қамтылған 6 отбасының 6 оқушысына, ЖК «Кубенгалиева» екі отбасының екі оқушысына, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Д.Жантілеуова бір отбасының бір оқушысына демеушілік жасады. Сонымен қатар, М.Сиранов атындағы орта мектебінің ұстаздары да жанашырлық танытып, оқушыларға көмек көрсетіп, акцияға барынша атсалысуда. Ұстаздарға, ата-аналарымыз бен демеушілерімізге игі шараның ұйытқысы болып, оқушыларымызға қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамыз.
«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы әлі де жыл бойы жалғасын табады және оқушылардың әлеуметтік жағдайы басты назарда болады. Осыған байланысты мектебіміздің әлеуметтік көмекті қажет ететін оқушылардың ата-аналарына және акцияға үлес қосып, демеуші болам деген тұлғаларға мектеп әкімшілігіне жолығуларын өтінеміз.
Жақсылық жасау күн шуағындай адам жүрегін нұрға бөлейді. Ал, балаға қуаныш сыйлау – бақыттың биік шыңы. Ендеше, мектеп оқушыларына қол ұшын созып, көмек көрсетуге асығыңыз.
Айдана Адиетова,
М.Сиранов атындағы орта мектептің әлеуметтік педагогі